Аптадағы маңызды жаңалықтар

Қазанның бірінші жексенбісі – ұстаздар күні

 

Даңқты қолбасшы, шебер құрылысшы, білікті дәрігер –  қай саланың маманы болмасын, ұлағатты ұстаздың тәлімін алып өсті. Білім саласы – ел дамуының басым бағыты. Ал мұғалім – мемлекеттік білім беру саясатына ықпал етуші қоғамдағы басты күш. Ел болашағын үйретуге жалықпаған осы жандарды облыс әкімі Серік Біләлов төл мерекелерімен құттықтап, шығармашылық табыс тіледі.

Серік Біләлов, СҚО әкімі:
– ҚР Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев педагогтардың білім деңгейіне , кәсіби даярлығына, жұмыс жағдайларына әрқашан айрықша көңіл бөлуде. Облысымызда Елбасының білім саласына қойған талаптарын орындау мақсатында көптеген істер атқарылуда. Құрметті ұстаздар қауымы,  еліміздің жарқын болашағы сіздердің ерен еңбектеріңізге байланысты. Болашақ ұрпаққа білім беріп, оны тәрбиелеуге қосқан еңбектеріңіз әрқашанда халық алдында елеулі.

Биылғы ҰБТ-де 71 түлек ұстаздарының еңбегі мен үмітін ақтап “Алтын белгі” иегері атанды. Бұл көрсеткіш былтырғыдан екі есе артық. Білім қуған өңір оқушылары өткен оқу жылында халықаралық білім сайыстарынан 28,  ал ел деңгейіндегі олимпиадалардан 9 медаль еншілепті. Облысымыздағы білім саласының дамуына елеулі еңбек сіңірген бірқатар ұстаздар өңір басшысының қолынан құрмет грамоталарын алды. Өмірлік істері бағалағанып, ерекше құрметке бөленгендердің қатарында Есіл ауданының Николаевка орта мектебінің физика пәнінің мұғалімі Бауыржан Төленов те бар.

Бауыржан Төленов, Николаевка орта мектебінің физика пәнінің оқытушысы, Есіл ауданы:
Әрбір ұстаз мектепте еңбек етіп жатқанына мақтан тұтады. Себебі Елбасымыз бастаған реформалардың, жүргізіп жатқан саясатының арқасында мұғалімдердің мәртебесі өсті. Мектептердің жылданжылға материалдық техникалық базасы нығаюда. Осы сәтті пайдаланып, әріптестерімді ұстаздар күнімен құттықтаймын.

Салтанатты жиында мыңдаған түлек ұшырған  ардагер-ұстаздар да ұмыт қалмады. Өмірін келешек ұрпаққа білімберуге арнаған зейнет жасындағы педагогтар алғыс хаттармен марапатталып, сый-сияпатқа ие болды.

 

Галина Кобоснян, білім саласының ардагері:
-Білім саласында 50 жылдан артық еңбек өтілім бар. Мен бұл саладағы бар тың өзгерістердің куәгерімін. Әлі де жетілдіріліп жатыр.
Әсіресе ауыл мектептеріне назар аударылатыны қуантып отыр. Тәуелсіздіктің 20 жылдығын жақсы білім көрсеткіштерімен қарсы алатынымызға нық сенімдімін.  


Сондай-ақ бірқатар ұстаздарға сауықтыру-демалыс орындарына жолдама берілді.   Биыл 100-ден астам білім беру нысаны күрделі жөндеуден өтіпті. Бүгінде “Балапан” бағдарламасы бойынша 540 мектепке дейінгі білім беру мекемесі жұмыс істеуде. Облыс орталығында Елбасының зияткерлік мектебінің құрылысы басталды. Жиын соңында Серік Біләлов жиналғандарды жаңадан құрылған білім беру сапасын бақылау департаментінің жұмысымен таныстырды.

Жеңіс Ермұқанов