Билік

Қазанның 1-і – қарттар мен мүгедектерді қолдау күні

 

 

 

Қарттар күнін даналықтың күні деп айтсақ артық болмас. Облыс әкімі кешегі әріптестері, бүгінгі бай еңбек тәжірибесімен бөлісіп келетін кеңесшілерін алдағы мейрамдарымен құттықтап,  игі тілектерін жолдады.

Серік Біләлов, СҚО әкімі:
-Құрметті ардагерлер, Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев ардагерлер мен аға ұрпақққа үнемі назар аударып,  қамқорлық көрсетіп келеді. Өңірімізде соғыс және еңбек ардагерлеріне әлеуметтік қолдау көрсетуде көптеген жұмыстар атқарылуда. Ел тәуелсіздігінің 20 жылдық тарихында сіздердің қосқан үлестеріңіз ерекше. Сіздерге зор денсаулық, ұзақ ғұмыр, туған-туыстарыңызға береке тілеймін.

Дәстүр бойынша қарттар мен мүгедектер айлығы қарсаңында қайырымдылық сенбіліктері өтті. Қала абаттанып қалған тазалық шарасынан 30 млн. теңгеден астам қаржы жиналыпты. Бар сома енді айлық аясында соғыс және тыл ардагерлері мен жарымжан жандардың мұқтаждығына жұмсалмақ.

Ескендір Елеусізов, СҚО ардагерлер кеңесінің төрағасы:
– Көктемде өткен сенбілікке қарағанда бұл жолғы игі шарада әлдеқайда мол қаржы жиналды. Сенбілікте барлығы бір адамдай жұмыла білді. Бұл еліміздегі бірліктің, қарт адамдарға деген үлкен құрметтің белгісі. Демалысқа шыққан зейнеткерлер кейінгі толқынның мол ықыласына бөленуде.

Бүгінгі кездесуге жиналған аға буын өкілдері зейнет жасына шыққанымен әлі де қоғамдық шаралардан шет қалған емес. Ел ертеңі жастарды тәрбиелеуде қосатын үлестері мол. Еліміздегі тың жаңалықтардан құлағдар болып жүреді. Өздері бастаған істің бүгінде жалғасып келетініне дән ризалықтарын білдірді. Әсіресе биылғы егін науқанында рекордты астық  жиналатынына қуанышты.

Қасым Жүнісов, еңбек ардагері:
-Бұның бәрі жерді сүйетін диқандардың маңдай терінің арқасы. Бүгінгі заманауи техникада мол егін оруға жақсы демеу. 

Виктор Агеев, еңбек ардагері:
-Биыл ауа райы да қолайлы жағдай жасады.
Не ексең соны орасың дейді. Егін бітік шықты. Бидайдың молдығы халықтың тоқтығы, облысымыздың экономикалық тұрақтылығы деген сөз.

Жиында қариялар өздерін толғандырып жүрген мәселелері мен өз ұсыныстарын да ортаға салды. Бүгінде зейнеткерлерді немерелерінің мектепке дейінгі тәрбие алуы алаңдатады екен.

Серік Біләлов, СҚО әкімі:
Бүгінде облыс бүлдіршіндерінің 67 пайызы ғана балабақшамен қамтылған. Биыл үш балабақша салынып жатыр. Алайда бұнымен бар мәселе шешілмейді. Сондықтан біз кәсіпкерлерге жеке бөбекжайлар ашуға жағдайлар жасап жатырмыз. Ондағы әр орынға біз айына 14 мың теңгеден төлейміз деп келістік. Сонда жылына әр балаға қазынадан 244 мың теңге бөлінетін болады.

Өңір басшысы өзге де әлеуметтік сауалдарға жауап беріп, ардагерлерге мемлекет тарапынан қамқорлық пен жан-жақты қолдау жалғаса беретінін айтты. Жиын соңында салтанатты шараға жиналғандарға естелік сыйлықтар тарту етілді.

Жеңіс Ермұқанов