Денсаулық сақтау

«Абайлаңдар – балалар!»

Үшайлық Никита жол-көлік апатында басынан жарақаттанып, бұғанасы мен тізесі сынған. Бүлдіршін бірден ауруханаға жеткізілген. Дәрігерлердің айтуларынша, аурухананың  травматология және ортопедия бөлімшесінде  жатқандардың арасында жолда жарақаттанған жалғыз Никита емес.  Жолды рұқсат етілмеген жерден кесіп өтпекші болған  бір баланы «Газель» соғып кеткен.

Амангелді Мұқамеджанов, облыстық балалар ауруханасының травматологы:
– Жол-көлік оқиғаларында балалар өте күрделі  жарақаттар алады.  Негізінен бастан зардап шегеді, аяқ-қолдары сынады.

 

Тәжірибе көрсетіп отырғанындай,  жол-көлік оқиғаларына 7-14 жас аралығындағы оқушылар жиі ұшырайды. Бұл көбіне жолдағы бейқамдық, асығудың салдары. Қайғылы жағдайлардың алдын алу үшін полицейлер осындай кездесулер ұйымдастырып тұрады.    

Әсия Әбжанова, СҚО ІІД ЖПБ аға инспекторы:

-Біздің облыс аумағында жыл басынан бері  балалардың қатысуымен 25 жол-көлік оқиғасы тіркелді.  Соның салдарынан 4 бала қаза тапты, 26-сы әр түрлі дәрежеде жарақат алды. Бүгін біз  балалармен кездесіп, жол қозғалысы ережелері туралы әңгіме өткіздік.

Мұнда жол полицейлері, дәрігерлер және білім басқармасының өкілдері жиналды. Балаларды жолда жүру ережелеріне үйрету – ортақ міндет.  Полицейлердің айтуларынша, оқушылар әсіресе  жұма, жексенбі күндері  сағат 14 -18  аралығында жиі зардап  шегеді.   Сондықтан бұл ретте ең басты жауапкершілік ата-аналарға жүктеледі.