Құқық қорғау органдары

Жолдағы қуғын

  

 

 

«Нива» көлігінің жүргізушісін жол сақшысы тоқтатуға әрекет еткен. Алайда темір тұлпар иесі инспектордың бұйрығын елемей, машинаның жылдамдығын асырып, ізін жасырмақ болған. Қатты жүріспен «Южный» бақылау бекетінен асып, Мамлют тас жолына бет алған.

Мұрат Сатыбалдинов, СҚО ІІД ЖПБ инспекторы:
Кезекші бөлімнен хабар түскен уақытта біздің бір тобымыз Жұмабаев көшесінің бойында кезекшілікте жүрген еді. Оларда бірден жүргізушінің соңына түсті.  

Жол ережелерін өрескел бұзушының соңына бірден үш патрульдік машина түсті. Полицейлер Якорь ауылы маңында жасыл «Ниваны» қуып жеткенімен жүргізуші тоқтамақ түгіл қызметтік көліктерді жолынан ысырып тастауға әрекет етеді.

Мұрат Сатыбалдинов, СҚО ІІД ЖПБ инспекторы:
-Жүргізуші қарсылық танытып, патрульдік көлікті екі мәрте соқты.
Жол бойы ереже бұзып, өзге қатынаушыларға қауіп төндірді.

Тентек автошабандоз әйтеуір зордың күшімен Вишневка ауылына жете берген тұста тоқтатылды. Тексеріс кезінде 43 жасар жүргізушінің рөлге мас күйінде отырғаны анықталды. Жүргізу куәлігінен айрылғысы келмей, өрескел заң бұзушылыққа барған күдіктінің ойы жүзеге аспады. Енді ол көлік  айдауға рұқсат беретін құжатынан кемінде 5 жылға айырылады. Оған қоса ірі көлемде айыппұл төлеуге мәжбүрленеді.

Жеңіс Ермұқанов