Мәдениет

Жаңа концерттік маусым ашылды

 

Классикалық музыка кешінің шымылдығы Гайднның «До мажор»  сонатасымен ашылды. Ал оның орындаушысы – Германиядан келген танымал пианист Амир Тебенихин. Тыңдарман қауым құлақ құрышын қандырар әсем әуенді зор ықыласпен қабылдады. Бұл шетелдік музыканттың біздің өңірге алғаш келуі емес.

Амир Тебенихин, жоғары деңгейдегі пианист:
Солтүстікқазақстандық тыңдарман қауым әртістерді ыстық ықыласпен қабыл алуымен ерекшеленеді. Мен Қазақстан бойынша концерттік турға шығып, Алматы, Астана қалаларында болдым. Енді Көкшетау қаласында өнер көрсетуді жоспарлап отырмын.

Облыстық филармонияның 47-ші концерттік маусымының салтанатты ашылуына көршілес өңірдің де әртістері жиылды. Театрға жиналған жұршылық   жергілікті  және Ақмола облысының әртістерінен құралған оркестрдің орындауындағы композицияларды тыңдады. Екі жақты тығыз қарым-қатынас әуелден дәстүрге айналған.

Балта Жандәулетов, Ақмола облыстық филармониясы   әртісі:
Біз солтүстікқазақстандық әріптестерімізге көмекке келіп отырмыз. Филармонияның жаңа концерттік маусымының ашылуы біз үшін де зор қуаныш. Өзіміздің кәсіби деңгейімізді де арттырмақпыз.

Петр Чайковскийдің «Жыл мезгілдері» , семейлік композитор Ләззат Жұманованың «Мереке» пьесасы және германиялық мейманның орындауындағы өзге де әуендер – классикалық музыканың мұндай алуан түрі петропавлдықтардың көңіліне жол тапты.

 – Маған өте ұнады. Классикалық музыка кеші деген соң, қуана келдім.
– Германиядан келген пианисттің композияцияларды ойнау шеберлігі көңілімнен шықты.
– Концерт ұнады. Бәрінің көңілінен шықты деген ойдамын.

Ал қыркүйектің 29-ы күні «Есіл» қазақ ұлт аспаптары  оркестрінің қатысуымен халықтық ұжымдардың концерті өтпек.

 

Инеш Шоқақова