Аптадағы маңызды жаңалықтар

Жаңа элеватор



 

Жаңа астық қабылдау кәсіпорнының ашылуын Аққайың ауданының диқандары талайдан тосып жүрген. Элеваторды салуға «Иван Зенченко» ЖШС 400 млн. теңге жұмсапты. Аудан тұрғындарын қуанышпен облыс әкімі құттықтады.

Серік Біләлов, СҚО әкімі:
-Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев елімізде агроөнеркәсіп кешені мен өңдеу саласының дамуына үнемі назар аударуда. Осы мақсатта облыста үлкен жобалар іске асырылуда. Бүгін халқымыздың мерейлі жылы – ел тәуелсіздігінің 20 жылдығында Аққайың ауданында диірмен ашылып отыр. Бұл кешен болашақта халыққа жақсы қызмет атқарады деген сенімдемін.

Кейін өңір жетекшісі жаңа элеваторды іске қосты.
Модульді элеватордың жалпы сыйымдылығы 30 мың тонна. АҚШ-тан арнайы жеткізілген заманауи қондырғылардың барлығы автоматтандырылған. Қуаттылығы сағатына 80 тонна астық кептіруге қауқарлы. Не бары 20 қызметкер бар. Жаңа астық  қоймасына алғашқы бидай төгілді.

Астық қабылдау кәсіпорнына келген өнім зертханалық сараптаудан өтеді. Осы жерде бидайдың ылғалдылығы, кілегейлігі, сапасы анықталып, класы бекітіледі. Тұқымды сақтауға сақадай сай қоймаларға астық арнайы қондырғы арқылы жөнелтіледі.

Геннадий Зенченко, «Иван Зенченко» ЖШС бас директоры:
– Бұл жобаны мемлекеттің қолдауымен жүзеге асырып жатырмыз. Бидайды тазалап, кептіріп қолайлы сатудың бар мүмкіндіктерін өзіміз тындыратын болдық. Қоймаларда тұқымды ұзақ мерзімге дейін сақтау үшін қолайлы жағдай жасалған.

Облыста 50 астық қабылдау кәсіпорны бар екен. Биыл өңіріміздегі элеваторлардың сыйымдылығы 234 мың тоннаға артып, 3 млн. 350 мың тоннаға жетті. Егін орағы басталғалы облыс диқандары 5,4 млн тонна астық бастырып үлгеріпті.

Серік Біләлов, СҚО әкімі:
-Егін орағы жақсы жүріп жатыр. Өнім сапасы жоғары. Гектардан 19-20 центнер болып жатыр. Барлық мүмкіншіліктер,  осы астықты жақсылап алып, сақтауға бар жұмыстар істеліп жатыр. Қазір агроөнеркәсіптер астық мол болғандықтан көп жұмыстар істеді. Элеваторлар мен басқа да алаңдар  қосылып жатыр.

Жеңіс Ермұқанов