Билік

Астанада СҚО мәдениеті күндері өтеді



 

Бүгінде өңір аудандары үлкен мәдени шараға дайындық үстінде. Облыстың 13 ауданы қазанның 11 мен 12 күндері Астана қаласында өңір мәдениеті күндерін ұйымдастырмақ. Жерлестерімізге бөлінген алаңда киіз үйлер қойылып,  елорда тұрғындары мерекелік концертті тамашалай алады. Сондай-ақ, 2 күн қатарынан бас қалада ауыл шаруашылығы өнімдерінің жәрмеңкесі өткізіледі.

Серік Бәлілов, СҚО әкімі:
-2 күн қатарынан сауда ұйымдастыратын боламыз. Бұл жәрмеңкеге тыңғылықты әзірлену керек. Алдымен Астанаға жеткізілетін азық-түліктің сапасын, ет-сүт өнімдерін, оны сақтаудың санитарлық талаптарға сай болуын қадағалау қажет. Екіншіден, 2 күнге жеткілікті өнімді жеткізу. Баға жағын да есепке алған жөн.
 
Мерекелік шараға орай Серік Біләлов қала және аудан әкімдеріне, басқарма басшыларына тиісті тапсырмалар жүктеді.
Күн тәртібіне шығарылған екінші мәселе – жергілікті және облыс бюджеттерінің орындалуы. Тоғыз айдың қорытындысы бойынша аудандардың жеке табысы 13 млрд 771 млн теңгені құрапты, бұл жоспардың 94 пайызы ғана. Ал облыстық бюджетке 6 млрд 274 млн теңге түскен, бұл көрсеткіш те 90 пайыздан сәл жоғары. Жергілікті бюджеттер – 874 млн, ал облыс қазынасы 640 млн теңгемен толықпай қалған. Аудандар жеке табыс салығын аударудан да жұмысты ақсатып алған.

Ескен Әкімжанов, СҚО қаржы басқармасының бастығы:
-Жеке табыс салығы бойынша 9 айдың жоспары 5 млрд 768 млн теңгені құрады. Бүгінге дейін жоспардың 89,8 пайызы немесе 5 млрд 180 млн теңге түсті. Бұл көрсеткіш бойынша Тимирязев, Айыртау, Жамбыл, Мамлют және Тайынша аудандары көш соңында қалды. Жеке табыс салығы облыс бюджетінің қомақты бөлігін құрайды. Сондықтан  бұл бағытта біраз шаруа атқару қажет.
 
Облыс әкімі барлық аудан жетекшілеріне 12 айдың қорытындысы бойынша жоспарды 100 пайызға орындауды тапсырды.

Серік Бәлілов, СҚО әкімі:
– Бұл бағытта батыл шараларды қолға алуымыз шарт. Әр ауданда салық түсімі 30 пайызға артты. Соған қарамастан, аудан әкімдері тыңғылықты жұмыс істесін. Әр аудан жергілікті бюджеттің салық базасын арттырғаны жөн. Қалалық және аудандық комиссиялар жергілікті бюджетті толтырудың қосымша көздерін іздеу бағытында жұмыс атқаруы тиіс.

Аудан әкімдері бұл мәселені ауыл еңбеккерлерінің жалақысын арттыру, дивиденттер және эмиссия төлемдері арқылы шешуді жоспарлап отыр. Қалай болғанда да істі құрдымға кетіруге болмайды.

Айдарбек Сапаров, облыс әкімінің бірінші орынбасары:
– Аудан әкімдерінің орынбасарлары қанша адамның еңбек етіп жатқанынан бейхабар. Кейбірі тіпті орақ уақытында қанша комбайншының жұмыс істейтінін айта алмай отыр. Керісінше, осы орақ уақытын жағдайды түзеп алуа пайдаланған жөн. Қазір механизаторлар 200-300 мың теңге табыс алады. Оның салығы да сәйкесінше жоғары. Ал қараша айында қозғалмасақ, қолымызды кеш сермейміз.
 
Жиын қорытындысы бойынша Серік Біләлов   көтерілген мәселелер бойынша тиісті тапсырмалар  берді. Сондай-ақ, өңір жетекшісі облыстық діндер ісі жөніндегі департаменттің бастығын таныстырды. Бұл қызметке Нұрисләм Ғабдуллин тағайындалды. Бұған дейін мемлекеттік қызметші облыстық ішкі саясат басқармасында бөлім бастығы қызметінде болған.

Гүлмира Шоқтыбаева