Билік

Облыстың 2011 жылдың бірінші жартысындағы даму қорытындылары

 

Үстіміздегі жылдың алғашқы тоқсанында ішкі жалпы өнім 73 миллиард теңгені құрады, алты айда жеке табыс 9 миллиардқа жетті. Яғни, кіріс 8 пайызға өскен. Ауыл шаруашылығы қарқынды дамып келеді. Бұл саладағы ішкі жалпы өнімнің өсімі 0,3 пайызды құраған. Жыл соңына дейін көрсеткіш еселене түспек.

Серік Біләлов, СҚО әкімі:

-Үстіміздегі жылғы 8-кыркүйектегі облысқа жұмыс сапары барысында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Солтүстік Қазақстан облысы еліміздің астықты өлкесі екендігін, осы өңірде еліміздегі ауылшаруашылығы өнімінің 12 пайызы өндіріледі дегенді айтты. Ауылшаруашылығы саласындағы өсім алдымен ел Президентінің аграрлық саланы  қолдауының арқасында мүмкін болып отыр. Жыл басынан бері ауылшаруашылығы тауар өндірушілері үшін мемлекеттік 6,6 миллиард теңге қаржы бөлді.

Үстіміздегі жылы облыста асыл тұқымды мал басын көбейтуге ерекше көңіл бөлінді. Алты айда 90-нан аса агроқұрылымға 5300 бас ірі қара жеткізілді. Жоспардағысы 2200 бас еді. Бұл жұмыс жыл соңына дейін жалғасады. Мәселен, «Солтүстік» әлеуметтік -кәсіпкерлік корпорациясы арқылы Германия мен Канададан 1100 бас қара мал әкелу жоспарланған.
Облыста үдемелі индустриялық-инновациялық даму бағдарламасы бойынша жұмыс жүріп жатыр. Жоспардағы 15 жобаның 11-і іске қосылды.

Серік Біләлов, СҚО әкәмі:

 – Жамбыл ауданында «КИД трейд» ЖШС сыйымдылығы 52 мың тонналық элеватор құрылысын аяқтады. Жоба құны 547 мың теңге. Аққайың ауданында «Иван Зенченко» ЖШС элеватор салды. Оның сыйымдылығы 30 мың тонна. Сырымбет кен-байыту кешенінің құрылысы жүріп жатыр. Новоишим май өңдеу зауытын қалпына келтіру, «Наурыз» серіктестігінде модернизация жүргізілуде.

Облыстың машина жасау кәсіпорындары алғашқы жартыжылдықта қазақстандық және шетелдік әріптестермен 25 миллиард теңгенің келісімін жасап, 12 миллиардтың өнімін шығарған. Бұл өткен жылдың сәйкес мерзімімен салыстырғанда 2 есеге мол.
«Бизнестің жол картасы -2020» бағдарламасы бойынша жыл басынан бері 144 өтініш қаралды, он миллион теңге несие таратылды. Біздің облыста ғана жүзеге асырылып жатқан «Ұрпақ қоры» бағдарламасы бойынша жарты жылда 1100 балаға 280 миллион теңге бөлініп, есепшоттарына салынған. Жарты жылда 26 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді. 31 мың шақырым су құбыры , 27 шақырым су тарату жүйесі жаңартылды. Облыс әкімінің есебін тыңдаған депутаттардың өңірдегі бірқатар мәселелерге қатысты біраз сауалдары болды. Оларды биылғы мол астықты сату мәселесі алаңдатып отыр.

Серік Біләлов, СҚО әкімі:

-Азық- түлік келісімшарт корпорациясы 5 миллион тонна астық қабылдаса, соның 1,5 миллион тоннасын біздің облыстан алмақшы. Біз министрлікке бұл көлемді көбейту туралы ұсыныс жібердік. Сонымен қатар, 4-5 класты бидай қабылданса деген өтінішімізді білдірдік.  

Кей депутаттарды астықтың мол шығуына байланысты нан бағасы туралы сауал алаңдатады. Облыс әкім нан бағасының биыл да алдағы жылдары да сақталатынын айтты. Ал Петропавл әуежайының мәселесі екі айда біржақты болады. Облыстық әкімдік әуежайды толық мемлекет қарамағына алу мәселесін қарастырып жатыр. Сондай-ақ жанар-жағар  май тапшылығы да бірнеше күнде шешіледі. Депутаттар өңір басшысы Серік Біләловтің жарты жылдағы атқарылған жұмыс бойынша есебіне оң баға берді.

Бұдан кейін депутаттар облыстың 2011 жылғы бюджетіне толықтырулар мен өзгертулер енгізді. Облыста құрылатын есеп комиссиясына 33,8 миллион теңге бөлінді. Істен шыққан коллектордан зардап шеккен 3-ші қалалық ауруханаға жөндеу жүргізуге 6 миллион, түзету мекемелеріндегі ұялы телефон жұмысын тоқтатқыш құрал орнатуға 4,8 миллион теңге бөлінетін болды.

Әсем Рахметова