Аптадағы маңызды жаңалықтар

Израиль кардиохирургі тағы да Петропавлда ота жасауда

 

 

 

 

Профессор Амир Кремер осымен 20-шы солтүстікқазақстандықтың жүрек қақпақшасына ота жасауда. Бұл шетелдік кардиохирургтардың біздің облысқа екінші келуі. Өңірімізде осындай сапалы медициналық көмек беру ісінің қолға алынуына облыстық кардиология және «MVI» медицина орталықтарының тығыз қарым-қатынасы себеп болып отыр. Жасанды қақпақша орнатуға дәрігерлер екі жарым сағат жұмсайды. Ал кардиологиялық орталықта күніне сондай 2-3 ота жасалады екен. Өткен жолғы іссапарында Амир Кремер 12 жерлесіміздің жүрегіне ота жасаған еді. Ақ халатты абзал жан осы жолы да сонша адамға көмек бергелі келген.

 Амир Кремер, «MVI» медициналық орталығының кардиохирургі, Израиль:
-Біз жүрекке ең ауыр оталар жасаймыз. Осы жолы клапаны нашар адамдарға көмектесудеміз. Орталықтың материалдық-техникалық кешені жақсы. Жедел оталарды өткізуге барлық жағдай бар. Дегенмен, кейбір құрылғыларды әлі де жаңғырту керек.

Бүгінгі күні кардиология орталығының кардиохирургия бөлімінде 20 науқас емделуде. Жетеуінің жүрегіне жасанды қақпақша орнатылыпты. Солардың бірі Қалқаман Қарабатыров. 58 жастағы азамат денсаулығының жақсарып қалғанын айтады.

Қалқаман Қарабатыров, науқас:
-Өзімді жақсы сезінемін. Дәрігерге алғысым шексіз. Енді тезірек ауруымнан айығып, аяғымнан тұрып кетсем деп едім.

Солтүстікқазақстандық дәрігерлер израильдық кардиохирургтардың ота жасау ісін мұқият бақылап, үйреніп алуға тырысып жатыр. Шетелдік әріптестеріміздің тәжірбиесін тез арада біз де меңгеріп алсақ дейді жергілікті кардиология орталығының мамандары.

Азамат Мағзұмов,  облыстық кардиология орталығының бас дәрігері:
-Оларда кардиология саласы 30-40 жылдан бері дамып келе жатыр. Бізге олардан көп нәрсені үйренуге болады. Жақында осындай отаны өзіміз жүргізетін боламыз.

Отадан кейін жүрек қақпақшасындағы оң өзгерістер бір-екі күннен кейін-ақ айқын сезіледі дейді Амир Кремер. Израильдық профессор СолтүҚ-ға алдағы қазан мен қараша айларында тағы бір рет келіп кетуді жоспарлап қойыпты. Кардиохиртік Қазақстана ендігі сапарында 24 адамға ота жасауды көздеп отыр.

Гүлден Сәрсенбаева