Өңіріміздегі машина жасаушы кәсіпорындардың өндіріс көлемі мен қарқыны жыл санап ұлғаюда. Зауыттар үдемелі инновациялық-индустриялық даму мемлекеттік бағдарламасын жүзеге асыруға да атсалысып келеді. Үстіміздегі жылдың 8 айы ішінде жергілікті зауыттар 17,5 млрд теңгенің өнімін шығарыпты. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 25%-ға артық. Мереке иелерін облыс әкімі Серік Біләлов құттықтады.
Серік Біләлов, СҚО әкімі:
– Құрметті машина жасау қызметкерлері сіздерді кәсіби мерекелеріңізбен шын жүректен құттықтаймын. Бүгінгі мерекелеріңіз тәуелсіздіктің 20 жылдығымен қатар келіп отыр. Облысымыздың әлеуметтік-экономикалық дамуында өнеркәсіп саласы үлкен үлес қосуда. Бүгін қол жеткізген жетістіктер осының дәлелі.
Сондай-ақ өңір басшысы білікті кадрлар мен заманауи технологияларды игеруге деген ынта машина жасау кешенінің бірден-бір ерекшелігі екенін атап өтті. Өңіріміздің әлеуметтік-экономикалық дамуына сүбелі үлестерін қосқан зауыт қызметкерлеріне облыс әкімінің құрмет грамоталары мен алғыс хаттары табыс етілді.
Қуаныш Қабдолов, «Мұнаймаш» АҚ токарі:
– Мен еңбегіміздің бағаланып жатқанына қуаныштымын. Құрмет грамотасына ие болғаныма өте қуаныштымын. Облыс әкіміне алғысымды айтамын.
Қазіргі таңда өңірімізде бұл салада ірі 4 зауыт жұмыс істеуде. Бірлесе атқарған жұмыстың нәтижесінде соңғы жылдары өндіріс қарқыны 2-3 есеге артқан.
Жиында аймақ басшысы егін орақ науқанының аяқталуға жақын екенін айтты.
Серік Біләлов, СҚО әкімі:
– Қазіргі таңда өңіріміздегі элеваторлардың 50 пайыздан астамы толық. Дегенмен астық сақтау мәселесі оңтайлы шешіліп жатыр. Сондай-ақ бидайды еліміздің өзге де аймақтарына жөнелту қарастырылған. Ауа райы қолайлы болса, 15 күннің ішінде астықты ысырапсыз жинап аламыз.
Серік Біләлов 11 және 12-қазанда Елордада өтетін СҚО күндеріне дайындық мәселесіне де тоқталды. Бұл көрмеге жергілікті зауыттар да қатысады.
Инеш Шоқақова