Қоғам

Офицерлер мен әскери жүргізушілер жиыны

  

ҚР ІІМ ІӘ құрамы жыл сайын жауынгерлік және техникалық дайындықтарын сынап тұрады. Биыл ондай шараны ұйымдастыру құрметі Петропавл қаласындағы әскери институтқа бұйырды. Дәстүрлі кездесуге әдеттегідей әр облыстың ең үздік әскери бөлім командирлерінің техника және қару-жарақ жөніндегі орынбасарлары, жүргізушілері қатысуда. Бірінші күні олар теориялық білімдерін сынап, тест тапсырмаларын орындаған еді. Енді екінші күнге қойылған жоспар бойынша техника және қару-жарақ жөніндегі орынбасарлар дене шынықтырудан араларында мықтыны анықтайды. Ал жүргізушілер тобы мылтық пен тапаншадан ату өнерлерін ортаға салуда.

Хакимжан Ниязов, ҚР ІІМ ІӘ әскери институтының қаруландыру және ату кафедрасының аға оқытушысы:
– Әр қатысушыға 10 оқ беріледі. Кім көп ұпай жинаса, сол жеңеді. Оларға берілген мылтық –Калакшник автоматы.

Ату алаңына жиналған жүргізушілердің жалпы саны 25. Қолдарына берілген мына қару АК-74 деп аталады. Сайыскерлер баға үшін атпас бұрын ең алдымен үш рет оқ шығарып дайындалып алады. Ал ұпай есебі содан соң ғана жүргізіледі. Әскери бөлім құрамалары намыстарын қолдан бермеуге тырысып, ондықты мұқият көздеуде. Әскери қызметкерлер   жарысқа келгендеріне дән риза. Олар мергендік өнерімізді басқа әріптестерімізбен сынаған әлдеқайда қызықтырақ дейді.

Елдос Ақылбеков, ҚР ІІМ Ішкі әскерінің № 5512 әскери бөлімінің сарбазы:
– Мен өзім Павлодардан келіп тұрмын. Жарыс өте қызықты. Осындай кездесулер бола берсе деймін.

Ертең жүргізушілер өздерінің нақты қызметі бойынша сайысқа түсіп, түрлі кедергілерден машинамен жүріп өтетін болады.

Гүлден Сәрсенбаева