Балалар

Әскери-патриоттық эстафета



 

Улы газға қарсы маска кию, мина алаңын кесіп өту, пневматикалық мылтықтан ату, гранат лақтыру, жара таңу және тасу, Калашников автоматын бұзып қайта жинау – міне осының барлығын соғысқа аттанған барлық сарбаз өз басынан өткеріп көрді. Ал әскери-патриоттық және спорттық клуб командаларының мүшелері оны тек ойын жүзінде сынап жатыр. Бұл шараны ұйымдастырушылар болса, жастар соғыс жайында көбірек білсе отанына деген сүйіспеншілігі арта түседі дейді.

Мұратбек Қожахметов,  Ауған соғысының ардагері, алғашқы әскери дайындық оқу бөлімі директорының орынбасары:
-Мынадай жарыстар керек. Неге десеңіз патриоттық сезімге тәрбиелейді. Балалардың үйренгені дұрыс. Ертең әскерге барады. Отан қорғайды.

Ер балалардың аса үлкен қызығушылығына ие болған жарысты «Нұр Отан» ХДП өкілдері мен Ауған соғысы ардагерлерінің қауымдастығы ұйымдастырған еді. Оған қатысуға 6 команда ниет танытты. Қызыл форма киген құрама «Балдырған» клубы деп аталады. Қазақ мектеп-гимназиясының атынан келген жеткіншектер намысымызды қолдан бермейміз дейді.

Дархан Ғаббасов,  «Балдырған» клубының мүшесі:
-Біз мектепте алғашқы әскери дайындық пәнін оқимыз. Дене шынықтыру сабағын да жақсы көреміз. Енді осы күнге дейін жинаған тәжірбиемізді сынап көреміз. Мектебімізді жерге қаратпауға тырысамыз.

«Балдырған» клубы айтқан сөздерін жерге тастамауға тырысып-ақ бақты. Көп тайталастан соң әйтеуір үздік үштікті қорытындылады. ІІ орынға №40 мектеп оқушылары лайық болды. І орын «Жас батыр» командасына бұйырды.

Гүлден Сәрсенбаева