Солтүстікқазақстандық соттар 2009-2010 жылдарда 70 тұлғаға қатысты ақтау үкімдерін шығарыпты. Ал үстіміздегі жылы олардың саны – 24.
Ербол Рахымбеков, облыстық соттың апелляциялық сот алқасының төрағасы:
– Көпшілік алдында айыптау ісі бойынша 10 тұлға ақталды. Статистикаға жүгінер болсақ, жылдан-жылға мұндай істерге байланысты ақтау үкімдерін шығару тәжірибесі біршама өскен. Бұл, әсіресе, заңсыз есірткі айналымы мен қызметтік лауазымды пайдалану істеріне қатысты.
Ақтау үкімдері санының артуына қылмыстық істерді алдын ала тергеу барысында жиылған қажетті дәлелдердің аздығы да себеп болған. Бұл орайда арнайы және білікті мамандардың тапшылығы байқалуда. Сондай-ақ жиында мамандандырылған ауданаралық экономикалық сот қызметкерлерінің әрекеті де сөз болды. “Квартал” газетінің үстіміздегі жылы 33 санында жарық көрген ашық хат бойынша тексерістің нәтижесі жария етілді.
Ақбөпе Өтекина, облыстық соттың баспасөз хатшысы:
– Ашық хатта азамат Гусельников мамандандырылған ауданаралық экономикалық сот қызметкерлерінің әрекетіне шағым жасаған. Ол сот ғимараты ішінде полиция қызметкерлері, сот приставы мен хатшы қысым көрсетіп, қағаздарға қол қойдырмақ болғанын айтады. Бұл іске байланысты тексеріс жүргізілді.
Оның нәтижесінде мекеме ішіндегі бейнебақылау камераларының көмегімен азаматқа құқық қорғаушылар тарапынан қысым көрсетілмегендігі анықталған.
Инеш Шоқақова