Білім

Қазақ тілін оқытудың жаңа технологиялары



 

Семинарда тілді азуақытта меңгерудің озық әдістері сөз болды. Бұл тіл мен әдебиет  пәнінің мұғалімдері үшін аса маңызды. Сондықтан қала мұғалімдері маңызды жиынға бір адамдай қатысқанды дұрыс санайды. Танымдық кездесу осы жолы да соны жаңашылдықтарға толы болды.

Сәуле Кереева, Петропавл қалалық білім бөлімінің бас маманы:
– Семинар екі бөлімнен, яғни, теориялық және практикалықтан құралған. Біз оқытушыларға еуропалық деңгейлік оқыту әдісі жайында айтамыз. Интерактивті тақтаны тиімді пайдалану тәсілдерін көрсетеміз.

Семинарға тәжірбиелі оқытушылармен қатар жас ұстаздар да келген. Білім көкжиегіндегі еңбек жолын жаңа ғана бастаған мамандар тілге тез үйретудің түрлі әдіс-тәсілдерімен танысып, оны өз тәжірибелеріне енгізетіндерін айтты.

Самал Самаева, № 40 орта мектептің қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің оқытушысы:
– Мен деңгейлік тапсырмалармен таныстым. Өте ұнады. Өйткені деңгейлік тапсырма арқылы баланың да деңгейін анықтауға болады.

Семинардың №10 орта мектепте өткізілуі бекер емес. Бұл білім ошағы көп жылдар бойы облыстық, республикалық деңгейдегі олимпиадалық жарыстарда қазақ тілінен тек қана жүлделі орындарды алып келеді. Сондай бетке ұстар шәкірттердің бірі – 10 сынып оқушысы Камила Мұстафина.

Камила Мұстафина, № 10 орта мектеп оқушысы:
-Бүгін біздің мектепте үлкен мереке. Бүгін тілдер фестивалі өтіп жатыр. Біздің мектепке көп қонақтар келді. Себебі ашық сабақтар, іс шаралар өтеді. Барлығыңызды мерекемен құттықтаймын. Көп тіл білу өмір талабы.

Камила Мұстафинаның сыныбында елгезек жастар көп көрінеді. Онымен бірге тағы 20 адам білікті мамандардың көмегімен мемлекеттік тілді қысқа уақыт ішінде меңгеруде. Олар үшін қазақ тілі туған тіліндей болып кеткен. Ал тілдер күні асыға күтетін мерекелеріне айналған. Мәселен, бүгін де топтың алды болып үйренген оқушылар семинарға жиналған қонақтарға арнап таза қазақша шығармашылық кеш дайындапты.

Гүлден Сәрсенбаева