ТКШ

Жылыту маусымына дайындық



 

Петропавл қаласында 1035 көпқабатты тұрғын үй бар. Бүгінгі күнге дейін солардың 401-і жылыту жүйесін жуып, аязды күндерге әзірленіпті. Ал қысқа дайындықты растайтын паспортқа қаланың 22 баспанасы ғана ие болып отыр.

Антон Макаров, Петропавл қаласы әкімінің орынбасары:
-Қыс мезгілі де таяп қалды. Сондықтан да көпке соза бермей, үйдің жылу жүйелерін жауапты науқанға дайындау керек. Бұл жұмыспен 4 компания айналысады.

Отырыста шілде айының басында Набережная көшесінде орын алған апат жайлы да сөз өрбіді. Бұл көшедегі коллекторды ауыстыру жұмыстарының басталуына байланысты жолаушыларды тасымалдайтын кей көліктердің бағыты өзгертілмек. Сызба қалалық әкімдіктің келісімімен жасалады.

Хасип Сюникаев, СҚО энергетика және коммуналдық шаруашылық басқармасы бастығының орынбасары:
– ҚР Үкіметінің шешімімен бұл коллекторды ауыстыруға 1,5 млрд теңге бөлінді. Жұмысқа 4 кәсіпорын жұмылдыратын болады. Бас мердігер – «СК максимум». Бұл шаруа желтоқсанның біріне дейін аяқталуы тиіс. Ол жер үйдегілерге біраз жайсыздық әкелуі мүмкін.

Жиылғандар тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығын жаңғырту бағдарламасы аясында жүргізіліп жатқан жұмыстарға да тоқталып өтті. 11 көпқабатты үйде жөндеу жұмыстарының 60-70 пайызы жасалған. 4 баспана келісімшарт толтырып жатыр. Ал Победа көшесінде орналасқан 14-ші үйде бағдарлама аясында бірқатар шаруалар тындырылыпты. Қала әкімінің орынбасары жөндеу жұмыстарына қажетті қаражаттың бар екендігін алға тартты. Сәйкесінше тұрғындар лифтілерін жөндеп, подъездеріне домофоны бар есік орнату мүмкіндігіне ие болып отыр.

Айдана Демесінова