Мәдениет

«Фолианттың» жаңа кітаптары

 

«Фолианттың» оқырмандарды жаңа кітаптармен қуантып жүргеніне биыл тура 15 жыл. Баспа жыл сайын әр түрлі жанр мен бағыттағы 320 жаңа аталымдағы әдебиеттерді жарыққа шығарады. Соның ішінде көркем, ғылыми-танымдық кітаптарға,  оқулықтарға баса назар аударылады. Баспа қызметкерлері әрдайым оқырман қалауын, рухани қажеттілігін ескере отырып жұмыс істейді. М.Қозыбаев атындағы СҚМУ-де ұйымдастырылған көрме де соның айғағы. «Фолиант» редакциясының алқасы жаңа оқулықтар қарай келген студент, оқытушылармен сұхбат жүргізіп, олардың сұраныстарын талқылауда.

Дәулеткерей Кәпұлы, «Фолиант» баспасы директорының орынбасары:
– Баспаның басты ұстанған бағыты орта кәсіптік білім, колледж, лицей оқулықтарын дайындау. Кәсіптік білім оқытушыларымен байланыстамыз. Солардың кітаптарын басудамыз. Орыс тіліндегі кітаптарды аударудамыз.

Көрмеде «Фолиант» баспасының қызметкерлерімен бірге осы шығармалар мен оқулықтардың  авторлары да болды. Студенттер сүйікті жазушылары арасынан Тұрсынбек Кәкішевпен қауышты. Ғалым, филология ғылымдарының докторы 2009 жылы «Нар тұлға» сериясы бойынша «С. Мұқанов» атты кітапты шығарған екен.

Тұрсынбек Кәкішев, филология ғылымдарының докторы, профессор:
– «Фолиант» баспасы  – Қазақстандағы ең көрнекті баспалардың бірі. Қазақстанда қазір баспа өте көп, 100-ден асады. Бірақ мынау ертеден ұйымдастырылған.

Кітапханашылар қауымы сиясы кебе қоймаған әдебиеттердің атауы мен авторларын жазып қарбаласуда. Себебі, студенттерге көп көмек болатын оқу-құралдары мұнда молынан.

Үміт Бибосынова, М. Қозыбаев атындағы СҚМУ кітапханасының қызметкері:
– «Фолиант» баспасымен біз тығыз жұмыс істейміз. Бүгін кәсіптік білім беру жөнінде біраз кітаптар түскен екен. Сол кітаптар бойынша тапсырыс берейік деп отырмыз. Әрі қарай «Фолиант» баспасымен жұмыс істейміз деп ойлаймыз. Кітапхана қоры толыға түседі деп есептеймін.

Баспаның басты мақсаты оқырмандарын тек қана тың әдебиеттермен таныстыру емес, ең бастысы жаңа авторлар іздеу. Әсіресе, білікті мамандар жазған ерекше оқу-құралдарын жарыққа шығаруға атсалысу. Бұл жұмыстар ең таңдаулы авторлар үшін тегін жүргізіледі.

Гүлден Сәрсенбаева