Аптадағы маңызды жаңалықтар

Тілдер фестивалі ашылды

 

 

Қазақ тілінің мемлекеттік тіл мәртебесіне ие болуы – тәуелсіздігіміздің жемісі. Егемендігімізді алғаннан бері қазақ тілін дамыту бағытында ауқымды жұмыс атқарылды. Облыста да бұл мәселеге үлкен мән беріледі. Биылғы оқу жылында 6 аралас мектеп таза қазақ тіліне көшіріліп отыр. Ал 18 білім ошағында қазақ сыныптары ашылды.

Серік Біләлов, СҚО әкімі:

– Облысымызда мемлекеттік тілді қолдану мен дамытудың 2001-2010 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы өз деңгейінде жүзеге асырылды. Қазақ тілін оқытудың сапасын арттыру үшін материалдық-техникалық база нығайтылуда. Сондай-ақ әдістемелік оқу құралдарын шығару үшін қажетті қаражат бөлінуде. Елбасымыз әрдайым қазақ тілінің болашағын Қазақстанның болашағымен байланыстырады. Мемлекеттік тіл саясатын жүзеге асыру бағытында алдымызда әлі талай шешімін күткен мәселелер бар. Сіздерді қазақ тілінің мәртебесін арттыру жолында бірігіп жұмыс істеуге шақырамын.

Тіл қай халықтың болмасын баға жетпес мұрасы екені даусыз. Бүгінгі таңда елімізді мекендейтін барлық ұлттардың ана тілін оқып-үйреніп, мәдениетін, әдеп-ғұрпын сақтауға бар жағдай жасалып жатыр. Сонымен қатар өзге ұлт өкілдерінің қазақ тілін білуге деген талпынысының да артып келетінін айту керек. Әлбете, мемлекеттік тілді меңгеру – әркімнің парызы және міндеті.

Василий Лабанчук, СҚО табиғат ресурстары және табиғатты пайдалануды реттеу басқармасының бас маманы:
– Еліміздің әр азаматы мемлекеттік тілді білуі тиіс. Мен 2005 жылдан бері мемлекеттік тілді оқыту орталығында оқып жатырмын.

Анастасия Сафронова, М.Қозыбаев атындағы СҚМУ студенті:
-Мен тәуелсіздіктің құрдасымын.
Мен қазақ тіліне аса құрметпен қараймын. Қазақ тілі – ел бірлігінің факторы.

Өзге ұлттың тіліңді білгені қуантады, әрине. Бірақ ең алдымен өзіміз ана тілімізді жете меңгеруіміз қажет дейді профессор Тұрсынбек Кәкішев.

Тұрсынбек Кәкішев, профессор:

-Өз елінің, өз халқының тілін білмей, еш уақытта ешбір халық жетілген емес. Президентіміздің айтқаны, я болмаса дайындалып жатқан қаулы, заң осының барлығы бізді ұлттық тілімізді білуге міндеттейді. Өкінішке қарай, біздің ортамызда талай шала қазақтар оның мән-мағынасын түсінбей жатқын тұсымыз аз емес. Сондықтан ұлы адамдар дүниеге келген осы өлкеде қазақ тілінің өркендеуі заңды болуы тиіс.

Ресми бөлімнен кейін кезек марапттау рәсіміне де жетті. Мемлекеттік тілді дамытуға және тіл саясатын насихаттауға қосқан үлесі үшін бір топ солтүстікқазақстандық марапатталды. “Асыл мұра” орталығының мүшесі Қайролла Мұқановқа “Мәдениет қайраткері” төсбелгісі табыс етілді.
Сегіз адам облыс әкімінің құрмет грамотасы мен алғыс хатына ие болды. Мәдениет министрлігі Тіл комитетінің марапаттары да өз иелерін тапты.
Сондай-ақ бірнеше аталымда жеңімпаздар анықталды. Мемлекеттік тілдің аясын кеңейтуге үлес қосқан “Үздік аудан, мекеме, кәсіпорын, селолық округ және өлке тарихы мен әдебиетін зерттеуге үлес қосқан мемлекеттік емес ұйым” аталымдарында жеңімпаздар анықталды.

Нұрсұлу Көбенова, СҚО бойынша қылмыстық атқару жүйесі департаментінің аға инспекторы:
– Біздің департамент “үздік мекеме” номинациясында жеңімпаз атанды. Алдағы уақытта да қазақ тілін дамыту бағытында қойылып отырған барлық міндет-мақсаттарды орындауға   ат салысатын боламыз.

Бұған қоса салтанатты жиында облыс әкімі екі солтүстікқазақстандыққа пәтер кілтін табыс етті.

Айымгүл Әбілева