Ауыл шаруашылығы

Облыс әкімінің Шал ақын және Тимирязев аудандарына жұмыс сапары

 

Шал ақын ауданында 226,5 мың гектар егістік алқабы бар, оның 200,5 мыңына – бидай, 7200 гектарға – арпа, 400-не – сұлы, ал қалған 5 мың гектарға майлы дақылдар себілген.  1996 жылы құрылған «Стимул» шаруа қожалығының қарамағындағы 4 мың гектар жердің 3 мыңына дәнді дақыл, 500-не майлы дақыл егілген. Мұндағылар астық бастыруға бір апта бұрын кірісіпті. Қазір алдағы егіске қажетті тұқым қоры дайын. Егін орағына 7 комбайн жұмылдырылған.

Владимир Пафов, «Стимул» ШҚ жетекшісі:

– Гектар берекелілігі 27-30 центнерден айналуда, негізінен 3-нші классты. Оны сақтау үшін сыйымдылығы 3 мың тонна болатын 4 қоймамыз бар. Қажетті тұқым көлемі мен сақтандыру қорын жасап қойдық. Қоймаларды сыйғанынша толтырып, қалғанын азық-түлік корпорациясына тапсырамыз. Өйткені, әзірге олардан басқа ешкім жоғары баға ұсынып отырған жоқ.  

Серік Біләлов, СҚО әкімі:

– Квотаны ұлғайту туралы ұсыныс жасаймыз. Өйткені басқа астық сатып алушылардың бағасы төмен. 3-нші классты бидайдың тоннасы 18-бен 21 мың теңге аралығында. Биыл бізде арпа да бітік шықты. Оның 1 тоннасы 20 мың теңге шамасында.

Өңір басшысы сондай-ақ ауданның өзге де агроқұрылымдарындағы орақ науқанының барысымен танысты. Бұдан соң облыс әкімі Тимирязев ауданына ат басын бұрды. Дмитриев ауылдық округіндегі «Саяғаш» шаруа қожалығы бүгінгі күнге дейін егіннің 45 пайызын жинап үлгерген. Астық шығымдылығы гектарынан орташа алғанда шамамен 30 центерден айналуда. Мұндағылар алдағы апталарда орақ науқанын аяқтауды көздеп отыр. Қожалықта астық ескі әдіспен сақталады, ол үшін арнайы алаңдар жасалыпты.

Ұлан Сүгіров, «Саяғаш» ШҚ басшысы:  
– Алаң жасау үшін ені -30, ал ұзындығы 80 метр болатын алқапты таңдап алдық, сабан төсеп, үстінен су құйдық, кейін оның үсті жүк көліктерінің көмегімен тегістелді.
Көліктер астықты элеватор, қоймаларға апарып жатпай, осы жерге төгеді. Бұл уақытты үнемдейді.  

Басқа агроқұрылым алқаптарын аралаған өңір басшысы диқандарға сары алтынды уақытында жинап, оны қамбаға құйып, қарыздардан құтылу керектігін айтты. Алайда, астықты сатуда асығыстық танытпаған жөн. Азық-түлік корпорациясының сатып алу бағасы биыл тоннасына 25 мың теңгеден кем болмайды, деді Серік Біләлов.

Серік Біләлов, СҚО әкімі:
– Азық- түлік корпорациясы біздің облыстан 25 мың теңгеден 1,5 млн тонна сатып алады. Оның 500 мыңы-біздің көктемде алғанымыз. Келісім бойынша оны астықтай не ақшалай қайтаруымыз керек. Ал сатып алынатын 1 млн тоннаны аудандарға бөліп бердік .

Келесі нысан – Ақсуат ауылдық округіндегі «Хамзин» шаруа қожалығы болды. 1994 жылы құрылған. Бүгінде аудандағы ірі агроқұрылымдардың бірі. Қарамағында 8 мың гектар егістік алқабы бар. Заманауи техникамен жарақтандырылған қожалық класстерлік жүйе бойынша жұмыс істейді. Өздерінің элеваторы, диірмені, макарон цехы бар. Макарон цехын ел тәуелсіздігінің 20 жылдық мерекесі қарсаңында іске қосу жоспарланып отыр. Әзірге логотип, марка дайындау сияқты ұсақ-түйек жұмыс қалыпты. Серік Біләлов қожалық жетекшісіне өндірілетін өнімді саудалау нүктелерін ашу қажеттілігін айтты. Өзінің макарон өнімдерін «Хамзин» шаруа қожалығы тек көршілес аудандарда ғана емес, сондай-ақ облыс орталығында, Астана және Шымкент қалаларында сатуды жоспарлап қойыпты.

Айымгүл Әбілева