Балалар

Ғимарат дауы

 

Қағаз жүзінде Шухов көшесіндегі 40-үйдегі ғимараттың иесі  – № 1 түзету мектеп-интернаты. Бірақ бұрынғы қонақ үй ғимаратына мектеп-интернат үш айдан бері кіре алмай отыр. Қонақүйдің бұған дейінгі қожайыны өліспей-беріспейтін түрі бар. Ал амалдары таусылған топ тек ғимарат сыртын торуылдаумен жүр.

Жақсылық Абылғазин, СҚО білім басқармасының заңгері:

-Мамырдың 27-сі біз аукционда осы ғимаратты алдық. Бірақ сол күні сату-сатып алу келісімін жүріп жатқан сот процесіне байланысты жасай алмадық. Маусымның 14-і келісім толтырылды. Ал 16-сы келісімді әділет орындарында тіркедік. Осы уақыттан бері № 1 түзету мектеп-интернаты ғимараттың толық иесі. Бірақ ұжым үш айдан бері өз ғимараттарына кіре алмай отыр.

Білім басқармасы мамандарының айтуы бойынша, бұл ғимарат түзету мектеп-интернаты үшін өте ыңғайлы. Әзірге интернат бұрынғы «Березка» бақшасын пана еткен. Егер мекеме Шухов көшесіндегі ғимаратқа қоныс аударса, бұрынғы балабақшаға 320 бүлдіршін қабылданар еді.

Николай Черновол, “Нұр Отан” ХДП Петропавл қалалық филиалы төрағасының орынбасары:

 – Ғимараттың алдындағы жер учаскесі өзге адамның жеке меншігі. Күзет агенттігімен құжаттарды қарау арқылы бір келісімге келіп, ғимаратқа өтетін болдық. Мәселенің барлығы ғимараттың бұрынғы иесінде болып тұр. Ол осы ғимаратта жалға алушылардың мүлкі бар дегенді желеу қылып, шықпай отыр.


Бұл жолы да білім басқармасының қызметкерлері ғимаратты басып алып отырған бұрынғы қожайын әйелмен тілдесе алмай кетті. Істің сотқа жеткеніне де біраз болған. Сот отырысы қыркүйектің 16-на белгіленіпті. Балабақша ғимараттарын қайтарып алу -«Балапан» бағдарламасын жүзеге асыру барысындағы маңызды шаралардың бірі. Сондықтан қалалық мәслихат депутаттары да қоғамды бағдарламаны жүргізуге көмек көрсетуге шақырып отыр.

Сергей Мартемьянов, Петропавл қалалық мәслихатының депутаты:

-Бүгінде әр тұрғын балабақшалардың маңыздылығын біледі. Қаншама ата-ана баласын балабақшаға бере алмай отыр. «Балапан» бағдарламасының арқасында алты жасқа дейінгі бүлдіршіндердің барлығы балабақшамен қамтылуы керек.

Бүгінде облыс орталығында 9 927 бүлдіршін балабақша кезегінде тұр. Олардың 5000-ы екі жастан асқан.

Инеш Шоқақова