ТЖ

Жұмысшы кентінде үй өртенді

 

 

Қас қарайғанда сыртқа шыққан Елена Голубева көршісінің үйінің жанып жатқанын көрді. Әйел бірден өрт сөндірушілерге хабар берген. Ал өзі құтқарушылар келгенше қызыл жалынды бәсеңдетуге барынша тырысыпты. Азаматша бұған дейін көршісіне алаңдап, көз қырын салып жүрген екен.

Елена Голубева:
– Үнемі бөтен адамдарды үйіне әкеліп, спирттік ішімдіктер ішетін. “Мұндай қылықтарыңды доғарыңдар” деп сұрадық. Олар құлақ аспайтын.

Төтенше жағдай туралы хабар алған құтқарушылар дереу оқиға орнына аттанды. 12 адамнан тұратын 4-ші өрт сөндіру бөлімінің тобы 2 сағат 22 минуттан кейін жалынды толығымен жойды.

Болат Байғаскин, Петропавл қаласының төтенше жағдайлар басқармасының аға тергеушісі:
-От шыққан жерге келгенде жалындап күйіп жатқан баспананың маңайындағы үйлерге де қауіп төнуі мүмкін екенін аңғардық. Шатыр мен үйдің қабырғалары өртеніп кетті.

Өртте 2 әйел қаза тапты. Олардың біреуі үй қожайынының жұбайы. Екінші азаматша туралы  мәліметтер анықталуда. Ал түтінмен уланған баспана иесі 3-ші ауруханаға жеткізілді. Жалынның шығу себебі мен әкелген зардабы анықталуда. Жалпы жыл басынан 5 млн теңгеден астам шығын әкелген 153 өрт оқиғасы тіркелген. Олардың 111-і тұрғын үйде шығыпты. 18 адам тілсіз жаудың құрбаны болды.

Айдана Демесінова