Балалар

Оқушылар кеденде қонақта болды

 

 

 

 

Балалардың қызметтік-іздестіру иттер тәлімбағындағы экскурсиясы төртаяқтылардың өнерін тамашалаудан басталды. Олар иттердің түрлі кедергілерден өтіп, тапсырмаларды орындауын мұқият бақылауда. Мұндағы иттердің жасы 2 -8 жыл аралығында. Әрқайсысы есірткінің түр-түрін іздестіру үшін арнайы дайындықтан өткен. Мұны оқушылар өздері де сынап көрді. «Ханш» атты ит балалар жасырған есірткі иісін алмастырушы затты санаулы минутта  тауып алды. Бұл күнделікті тынымсыз жаттығулардың нәтижесі. Кедендік бақылау департаментінің кинология бөлімі 8 айда есірткі тасымалының 8 фактісін әшкерелепті.

Михаил Гниненко, СҚО бойынша кедендік бақылау департаменті кинология бөлімінің бастығы:
– Біздің тәлімбақта 18 ит бар. Олар негізінен неміс, бельгия овчаркалары, лабрадор және спаниель тұқымдас. Барлық иттер марихуана, героин, кокаин сияқты есірткі заттарын іздеуге жаттықтырылған. Әрқайсысы есірткі іздеу операцияларына қатысты.

Тәлімбақта иттердің сапалы жұмыс істеуі үшін барлық жағдай қарастырылыпты. Біріншіден, бұл қатаң тамақ мәзірі, медициналық бақылау және күнделікті жаттығулар. Оқушылар мұның бәрін қызыға тамашалады. Сондай-ақ олар арнайы дәріс тыңдап, заңсыз есірткі тасымалын ашу кезінде қолданылатын құрылғылармен танысты. Бұл саяхаттың ең қызықты тұсы болды дейді оқушылар.
Мұндай экскурсияны есіркі бизнесімен күрес бағдарламасы бойынша облыс орталығындағы барлық төменгі буын оқушылары үшін өткізу жоспарланған.
Инеш Шоқақова