Бұл мектепте өзге ұлттардың салт-санасы мен тілі оқытылатын 11 қосымша бөлімше бар. Алайда, білім ошағында мемлекеттік тілді үйренуге ерекше мән беріледі. Енді ұлттық арнаны көру де тіл меңгерудің тағы бір оңтайлы тәсіліне айналады деп отыр оқушылар.
– Менің ұлтым – әзірбайжан. Отаным – Қазақстан. Мен қазақ тілін білу үшін «Қазақстан» каналын көремін
-Мен қазақ тілін үйренгенді ұнатамын, бұл ретте маған «Қазақстан» көмектеседі.
Шәкірттерін шешен-ингуш тіліне баулитын Мария Ганиеваның өзі 3 жыл бұрын қазақ тілін үйрене бастаған екен. Елдегі арналардан тәрбиелік мәні бар бағдарламалардың мемлекеттік тілде шығуын көптен күткен едім дейді ол.
Мария Ганиева, №17 Ұлттық өркендеу мектебінің шешен-ингуш бөлімшесінің мұғалімі:
– Ұстаз ретінде мен оқушыларымды нағыз отаншыл азамат қып тәрбиелегім келеді. Ал егер мемлекттік тілді білмесе, одан қандай патриот шығады. Сондықтан қазақ тілін оқытуға ерекше мән береміз.
Әрине, бұл балалар өздігінен теледидар алдына отырып, қазақша хабарларды көре қоймас. Дегенмен, ести жүріп те, олар көп сөздерді саналарына тоқи алады.
Мария Ганиева, №17 Ұлттық өркендеу мектебінің шешен-ингуш бөлімшесінің мұғалімі:
– Қазірде балалар көретін арнайы арналар баршылық. Тек олар мемлекеттік тілде сөйлемейді. Сондықтан мектепте оқығандарын олар көгілдір экраннан естіп жүрсе, сөздерді тез есте сақтай алатынына сенімдімін.
Қазірде сыныптағы теледидар мен “Қазақстан” ұлттық арнасы алдағы аптада басталатын тілдер апталығы алдында балаларға көмекші құрал болып отыр.
Кәусар Аяпбергенқызы