ТЖ

“Парус” дүкені өртенді

Түнгі сағат 11 кезінде өрт сөндірушілерге “Парус” дүкенінің отқа оранғаны туралы хабар түскен. Оқиға орнына дереу жеткен құтқарушылар тілсіз жауды бір жарым сағаттың ішінде ауыздықтады.

Дмитрий Растихин, Петропавл қалалық төтенше жағдайлар басқармасының инженері:
-Тексеру барысында осы үйдің 48 тұрғыны қауіпсіз жерге шығарылды. От шыққанда автоматтандырылған өрт дабылы іске қосылған екен. Жалынды сөндіруге 3 өрт сөндіру бөлімі мен 3 көлік жұмылдырылды.

Кондитерлік өнімдерді саудалайтын дүңгіршік толығымен отқа оранды. Дүкеннің қалған бөлігін өрт сақшылары құтқарып үлгерді. Жапа шеккендер болмады. Есік қақпай келетін тілсіз жаудың шығу себебі мен әкелген шығыны анықталуда. Алайда «Парус» дүкеніндегі өрт электроқұрылғыларының қысқа тұйықталуынан пайда болды деген болжамдар бар.  

Дмитрий Растихин, Петропавл қалалық төтенше жағдайлар басқармасының инженері:
-Дүкен иелеріне электр өткізгіш сымдарды уақытылы тексеріп, олқылықтар болса, дер кезінде жою керектігін айтқымыз келеді. Сондай-ақ жер үйдің тұрғындарын да пешті қысқа әзірлегенде сақтық танытуын сұраймыз.

Жалпы жыл басынан қала бойынша 150 өрт оқиғасы тіркеліпті. Олардың әкелген шығыны 5 млн теңгеден асып түседі екен.

Айдана Демесінова