Аптадағы маңызды жаңалықтар

Орақ науқанының қарқыны баяу

 

 

 

Ауа райы екінші апта диқандардың жұмысына ғана емес, егіннің тез пісуіне де қолайлы болып тұр. Сондықтан қазір астықты уақытында және ысырапсыз жинап алу үшін күш салу қажет деді Есіл ауданының диқандарымен кездескен облыс әкімі. Айту керек, аталмыш аудан жұмыс кестесінен кеш қалған. Есіл ауданында дәннің бар болғаны 5 % ғана бастырылыпты. Ал өзге аудандарда бұл көрсеткіш 20 % асады.

Серік Біләлов, СҚО әкімі:
– Күніне 5-10%  себетін  егіс науқаны емес қой бұл, ал сіздер орақ науқанында күніне 3-4%  ғана жинап жатырсыздар. Сонда
10 күнде 30% ғана. Яғни, астықтың 70%  қазан айына қалады. Сонда не болады?

“Агрохимснаб” ЖШС – егін орағына кеш кіріскен шаруашылықтардың бірі. Серіктестік директоры Василий Шкодин астықтың барлық алқаптарда әлі піспегенін айтады. Ал піскен алқаптарда жиналып жатыр. Қазіргі заманғы өнімділігі жоғары техниканың көмегімен шаруашылық диқандары тәулігіне кемінде 500 тонна астық жинай алады. Бірақ бүгінде жалпы аумақтың тек 300 гектары ғана бастырылған. Осылайша, серіктестіктің қырманында 700 тонна дән ғана жатыр. Бұл өте аз деді Серік Біләлов. Шаруашылық жетекшісі егер ауа райы қолайлы болса, үш аптаның ішінде нанды жинап аламыз деп сендірді.

Василий Шкодин, “Агрохимснаб” ЖШС директоры, Есіл ауданы:
-Біз тәулігіне 1000 тонна дәнді бастыруға мүмкіндігіміз бар. Нанды жинап алу үшін бізге 20 күн қажет. Комбайндар 1,5-2 ауысымда жұмыс жасайды. Егінді уақытында және ысырапсыз жинап алу үшін тәулік бойы алқап басында болу қажет.

Серік Біләлов ауыл шаруашылығы еңбеккерлерінің жұмысын жоғары деңгейде ұйымдастыру міндетін қойды. Сондай-ақ алқаптар мен қырман басындағы жұмыс тәулік бойы жүруі тиіс. Есіл ауданының әкімі Асқар Бегманов қыркүйектің жиырмасына дейін диқандар нанның 65 % жинап алады деп отыр.  
Серік Біләлов “Столыпинское” ЖШС-нің алқаптарында да болды. Биыл шаруашылық 10 мың гектар жерге егін еккен. Аумағы 400 гектар алқапта техниканың жұмыс істеп жүргеніне үшінші күн. Жиналған дән бірден қырманға жөнелтіледі.

Николай Ионов, “Столыпинское” ЖШС директоры, Есіл ауданы:
-Биыл егін бітік шықты. Отыз жылда мұндай астықты  көрген емеспін. Биыл біздің қырман 30 мың тонна бидай қабылдамақ. Сондықтан жұмыс үш ауысымда жүріп жатыр.

Диқандар биылғы астықты өткізу мәселесін де көтерді. Айту керек, үстіміздегі жылы азық-түлік келісімшарт корпорациясы солтүстікқазақстандықтардан 1 млн. 450 мың тонна бидай сатып алуды көздеп отыр. Астықтың тоннасы 25 мың теңге.

 Айымгүл Әбілева