Ауыл шаруашылығы

Облыста орақ науқаны қызған

 

 «Мәмбетов және К» командиттік серіктестігі  – Мамлют ауданындағы ең ірі агроқұрылымдардың бірі. Оның аумағындағы 14 500 га-ға бидай, 600 га-на майлы дақылдар егілген. Мұндағы бар техника егіс басына 3 күн бұрын шықты. Диқандар шуақты ауа райын пайдаланып, ораққа қызу кіріскен. Астықтың өнімділігі де жақсы болып, гектар берекелігі 25-28 центнерден айналуда. Бүгінге дейін 650 гектардың өнімі орылған.  

Батыржан Сауытбаев, «Мәмбетов және К» КС бас агрономы:
-Қиындықтар жоқ жанар май, қосалқы бөлшектер  жөнінен. Бәрі сақадай сай. Биыл 3 “Есіл”, 1 “Джондир” комбайнын әкелдік бүгін ғана. Техниканың 80 пайызы жаңа.

Биыл орақ басына барлығы 41 комбайн жұмылдырылды. Ауа райы тұсау болмаса, меңгесерліктер орақты 25 күн ішінде бітіреміз деп отыр. Мұндай сенімділіктің кепілі, әлбетте, білікті диқаншылар. Мәселен, Ильяс Әміров үшін бұл өміріндегі жиырма сегізінші орақ науқаны. Комбайн рөліне ол 1983 жылы отырыпты.  
Жалпы Мамлют ауданына тиесілі алқаптың 150 мың гектарынан аса аумағында егін бітік шықты деуге негіз бар. Орташа есеппен гектарынан 18 центнерден өнім алынуда. Ал 5800 гектардай жерде бидайдың пісуін жеделдететін диссекация әдісі жүргізіліп жатыр.

Василий Лисичкин, Мамлют аудандық ауыл шаруашылығы және ветеринария бөлімі бастығының орынбасары:
– Аудан бойынша 540 комбайн орақ басына шықты, олардың 83-і жоғары өнімді техника. Осы аптада кей шаруашылықтар тағы жаңа комбайндар алуды жоспарлап отыр. Қазірде 11 мың гектар бидай орылды, 900 га бастырылды. Жанар-жағармай жөнінен қиындық жоқ.

Кәусар Аяпбергенқызы