Білім

«Жас қыран» және «Жас ұлан»

Бар баланың басын қосатын ортақ ұйымның қажеттігі – уақыт талабы. Бұл ұйым барлық мектептерді қамтуы керек. Яғни балалар арасындағы мәселелер ортақ шешілуі тиіс.

Қайрат Пішембаев, «Нұр Отан» ХДП СҚОФ төрағасының бірінші орынбасары:

 

 

– Суицидтің, зиянды әрекеттердің көбейгенін көріп жүрміз. Бұл көкейкесті мәселелердің біріне айналды. Мемлекет басшысы, біздің партиямыздың төрағасы мектеп жасындағы балаларды қамтитын бірыңғай ұйым құруды тапсырған болатын. Бүгінгі кездесуімізде осы мәселені талқылап, ұсыныстар жасап, нәтижелі болуы керек.

Төменгі сынып оқушыларын қамтитын ұйым «Жас қыран», ересектеріне арналғаны «Жас ұлан» аталады. Әзірге ұйымдарға қабылдау тәртіптері, құжаттарын даярлау қолға алынған. Ортақ төсбелгі мен гастук жобасы жасалған. Қыркүйектің бірі Астанада Елбасы біраз балаларды осы ұйымға мүшелікке қабылдады да.

Шолпан Қаринова, СҚО білім басқармасы бастығының орынбасары:

– Ел тәуелсіздігінің 20 жылдығы қарсаңында «Нұр Отан» ХДП ортақ ұйым құру туралы бастаманы көтеруі дұрыс қадам деп ойлаймыз. Бұл идеяны білім беру саласы қолдап отыр. Бұл бастаманың қазақстандық партиотизмді дамытудағы ролі ерекше.  

Бұл ұйымдар қатарына қабылдану үшін оқушының физикалық даярлығы жақсы болуы керек. Өзге шарттар әлі де қарастырылып жатыр. Облыста біраз балалар ұйымдары бар. Мәселен «Жандостар» қауымдастығының құрамына 60 мыңнан аса оқушы кіреді екен. Мақсаты мен міндеті ауқымды ұйымға өтуге бұл бірлестіктер де келісіп отыр. Бірақ қауымдастық жетекшісі «Жас қыранға» өтуді бірінші сыныптан бастауды ұсынды. Александр Штроның бұл ұсынысын жиналғандар қабылдай алмады. Елімізде мақсаты ортақ балалар ұйымдары құрылуы керек, және ол үшін уақыт созудың қажеті шамалы. Мектеп оқушыларын бұрынғы ұйымдар не болады деген де сауал алаңдатады.

Алена Попрыгина, № 21 мектеп оқушысы:

– Біздің облыс ұйымдарының өз туы, белгісі бар. Сонда бұған дейін жұмыс істеп келе жатқан ұйымдар жабылып қала ма?

Ересектердің айтуы бойынша, бұған дейінгі ұйымдар толық сақталады. Тек барлығын біріктіретін ортақ бірлестік жұмыс істейтін болады. Ал олардың құрамына өту жолдарын тағы да ересектер ойластыруы керек.

Әсем Рахметова