Білім

Балабақша мәселесі талқыланды

 

Бүгінде облыс орталығында тоғыз мың бүлдіршін балабақшаға кезекте тұр. Сондықтан бұл түйіткілді уақыт оздырмай шешу қажет. Қазірде жеке меншікке өтіп кеткен балабақшаларды қайтару үшін тиісті шаралар қолға алынып жатыр. Бірақ бұл мәселенің оңай шешілетін түрі жоқ. Мәселен, үстіміздегі жылы № 1 түзету мектеп-интернатын бұрынғы «Березка» балабақшасынан басқа ғимаратқа – «Спрут» қонақүй кешеніне көшіру мүмкіндігі туған еді. Бірақ кешенде отырған кәсіпкерлер бұған барынша кедергі келтіруде.

Артур Молдағұлов, Петропавл қаласы әкімінің орынбасары:
– Ол ғимаратта ешқандай құжаттары жоқ адамдар отыр. Олар кешенді босатпай, қиындық туғызуда. Сот орындаушылары енді кәсіпкерлерді шығарып жібермек. Солардың кесірінен біз 320 орындық балабақшаны пайдалануға бере алмай отырмыз.  

 Ақжүніс Мұсырман, Петропавл қалалық білім бөлімінің бастығы:
-Түзету мектеп-интернатының бір бөлігі,  40 шақты бала  – балабақшаға баратын балалар.
Сол балалармен жұмыс істей алмай отырмыз. Ата-аналар күнде келеді. Денсаулығы кеміс балалардың жағдайын жасау болмай отыр.

125 орынға шақталған тағы бір балабақшаны М.Қозыбаев атындағы СҚМУ-дың меншігіндегі ғимаратта ашуға болады. Бірақ бұл әзірге мүмкін болмай отыр. Өйткені оқу орнының жарғысында мектеп дейінгі білім жөнінде тармақ жоқтың қасы. Сондықтан бұл ғимаратта балабақша ашу заңсыз болып отыр. Бүлдіршіндерді мектепке дейінгі тәрбиемен қамту мәселесін шешудің тағы бір жолы бар. Яғни, мемлекет пен бизнес әріптестігін дамыту қажет. Өзге өңірлерде мұндай серіктестік жақсы жолға қойылған көрінеді.

Жангелді Тәжин, қалалық мәслихат депутаты:
– Бизнес өкілдеріне айтарымыз – депутаттар, атқарушы билік бүгінде жеке меншік балабақша саламыз деген азаматтарға көмектесер едік. Жер телімдерін бөлуге, басқа да сұрақтарды шешуге жәрдемдесуге даярмыз. Бұған қоса үкімет үлкен дотация бөліп отыр. Әрбір балаға мемлекет 15 мың теңге бөледі. Бұл дегеніңіз – ата-ананың ақшасын қосса, осы 15 мың мемлекттің көмегін қосса – бір баланың өзіне 30-40 мың теңге болып отыр.

Айту керек, Алтынсарин көшесіндегі жаңа балабақшаның құрылысы да созылып кетті. Жоспар бойынша бұл нысан үстіміздегі жылдың желтоқсан айында тапсырылуы керек. Алайда осы күні балабақшаның бір ғана қабаты тұрғызылыпты.

Николай Черновол, «Нұр Отан» ХДП қалалық филиалы төрағасының бірінші орынбасары :
-Ертең не бүрсігүні нысан басында бюро отырысын өткіземіз. Депутаттық фракция мүшелерін, ата-аналарды шақырамыз. Сосын сол жерде мәселені талқылап, тиісті шешім қабылдаймыз. Тіпті болмаса, мердігер кәсіпорынмен келісімшартты бұзамыз. Мұндай жауапсыздыққа көнуге болмайды.

Биыл облыс орталығында 1080 қосымша орын ашу жоспарланған екен. Бірақ балабақша уақытында тапсырылмаса, бұл санның 320-ға кемитін түрі бар.

Айымгүл Әбілева