Денсаулық сақтау

Жүйке ауруына шалдыққандарды оңалтудың арнайы әдістемесі

 

Сенсорлық бөлме интернатта екі жыл жұмыс жасайды. Науқастар мұнда үлкен ықыласпен келеді екен. Бөлмедегі жағдай сырқаттардың жүйке жүйесін барынша тыныштандырады дейді мамандар.

Елена Савинская, психолог:
– Біздің қамқорлығымыздағы адамдар осында келгенді өте жақсы көреді. Бөлме күнде жұмыс жасайды. Бұл жерде науқастардың ашулары тарқап, көңіл-күйлері көтеріледі.

Ал тігін шеберханасында мүгедек жандар өз қолдарымен түрлі бұйымдар жасайды. Бұл жерде екі топ еңбектенеді. Сонымен қатар науқастар ән үйірмесіне қатысып, спортпен шұғылдану мүмкіндігіне ие. Бұған қоса агротерапия қолданылады. Осылайша интернат қызметкерлері бірнеше жылдан бері сырқаттарды емдеуді еңбек тәжірибесімен ұштастырып отыр. Бұл әдіс арқылы мүгедек адамдардың денсаулығын жақсартып, оларды оңалту көзделген. Мекемеде мүгедек жандарға барынша қолайлы жағдай жасаудың барлық жолы қарастырылыпты. Сегіз бағыт бойынша интернаттағы науқастарға көмек көрсетіледі.

Бақытгүл Болыспаева, Петропавл психоневрологиялық ауруларға арналған интернат-үйінің әлеуметтік жұмыс бойынша маманы:
– Психоневрологиялық науқастарға арналған интернатта бүгінде үш жүз он адам қамқорлыққа алынған. Мекеме мамандары жаңа әдістемені қолдана отырып олармен күнделікті жұмыс жасайды.


Айымгүл Әбілева