Өнеркәсіп

“Изолит” ЖШС “Алтын сапа” байқауына әзірленіп жатыр

 

 “Изолит” жауапкершілігі шектеулі серіктестігі облыстағы электризоляциялық материалдар шығаратын бірден бір зауыт. 1992 жылы негізі қаланған кәсіпорын қысқа мерзімнің ішінде изоляциялық материалдарымен ішкі нарықты толық қамтамасыз етіп қана қоймай, сыртқы нарыққа да бейімделді. Қазіргі таңда өнімнің 65 пайызы экспортқа шығарылса,  қалғаны Қазақстандағы жетекші өндіріс кешендеріне жөнелтіледі. Былтыр зауыт 400 млн. теңгенің тапсырысын орындаған. Зауытта өндірілетін шыны және сыр, талшықтар мен микониттер Ресей, Болгария, Үндістан елдерінен әкелінетін материалдардан жасалады. Бұл өнімдерді кез келген шаруашылықта қолдануға болады. Көбіне зауытқа қазақстандық және шетелдік ТЭЦ және ГРЭС кәсіпорындары тапсырыс береді. Бүгіннің өзінде 380 млн. теңгеге келісім жасалыпты. “Изолит” “Қазақстанның үздік тауары-2010” аймақтық байқауында пішінді миканит және шыны қабаттас таспа үшін екінші дәрежелі дипломға ие болды. Соңғы өнім кәсіпорында 2004 жылдан бастап жасалып келеді. Бүгінгі күні бұл тауарға сұраныс жоғары, дейді серіктестік басшысы.

Евгений Черкасов, “Изолит” ЖШС директоры:
 – Еңбек тиімділігінің, еңбекқорлықтың,  кәсіпқойлықтың арқасында біз бүгінгі жетістіктерге қол жеткізіп отырмыз. Біз қазақстандық және шетелдік жетекші кәсіпорындарды сапалы өніммен қамтамасыз еткендіктен, нарықта құрмет пен  абыройға ие болдық.

Зауытта шығарылатын барлық тауарлар аттестациялық-сертификациялық зертханада сыналады. Тек осыдан кейін өнім тапсырушыларға жеткізіледі. Қазір кәсіпорында 135 адам қызмет етуде. Серіктестік тек ұйымшыл ұжымның арқасында серпінді дамуда, деп мойындайды Евгений Черкасов.

Людмила Барсукова,  цех шебері:
– Біздің әкімшілік уақытылы шикізатты әкеліп, уақытылы дайын өнімді өткізеді. Ал біз бұған еңбекқорлықпен жауап береміз. Сондықтан тапсырыс берушілеріміз көп.

Кәсіпорын  2007 және 2009 жылдардағы республикалық “Алтын сапа” байқауының, бірнеше облыстық көрме-байқаулардың жеңімпазы. Қазір зауыт ұжымы республикалық “Қазақстанның үздік тауары-2010” байқауына  дайындалып жатыр.

Жасын Біркенов