Ауыл шаруашылығы

Орақ науқанына ауа райы кедергі келтіруі мүмкін

 

 

 

 

Жиында егінді уақытында және ысырапсыз жинап алып, оны сақтау мәселесі қаралды. Селекторлық байланысқа аудан әкімдері шықты.

Серік Біләлов, СҚО әкімі:
– Элеваторлардың сыйымдылығы 3 млн. тоннаны, қоймалардікі 2,4 млн тоннаны құрайды. Яғни, 1 млн. тоннадан артық астықты сақтау мәселесі туындайды. Қажетті барлық шараларды қолға алып, элеваторлардағы қосымша алаңдарды іске қосу керек.  

Ауа райы күзгі егіс жұмыстарының кестесіне өзгеріс енгізуі мүмкін. Синоптиктер алдағы күндердің жаңбырлы болып, ерте қатқақ түсетінін болжап отыр.

Нұркен Сұлтанов, Солтүстік Қазақстан гидрометеорология орталығының директоры:
– Тамыздың 26-27 ауа температурасы төмендейді. Қыркүйек айы әдеттегіден суық болады деп күтілуде. Жауын-шашын нормадан көп түседі. Ал үшінші онкүндікте қарлы жаңбыр жауады. Ғ.Мүсірепов пен Айыртау ауданының оңтүстігінде ғана жауын-шашын түспеуі мүмкін.

Бұл орайда алқаптардағы жұмыстың әдісін анықтау қажет. Диқандар бұл мәселеде техникаға басымдық беріп отыр.

Айдарбек Сапаров, облыс әкімінің орынбасары:
– Жоғары өнімді техникамен дәнді және майлы дақылдардың 70 пайызға жуығын жинап алу көзделіп отыр. Қолайсыз ауа райына байланысты 50 пайызға жуық алқаптың өнімін жинап алуда дара әдіс қолданылады.

Бұл ретте жанар-жағармаймен толық қамтамасыз етілудің маңызы айырықша. Серік Біләлов жанармай жеткізетін операторлардың жұмысына көңілі толмайтынын айтты.

Серік Біләлов,  СҚО әкімі:
-Қажетті шараларды қолға алыңдар. Өздеріңнің айналымдағы қаражаттарыңды пайдаланыңдар. Бірақ квота 100 пайыз игерілуі тиіс.

Облыс әкімі аудан басшыларын ғана емес, әр аудандағы орақ науқанына жауапты тұлғаларды да тыңдады. Жиын қорытындысы бойынша  өңір жетекшісі бірқатар маңызды міндеттерді айқындады. Ал қыркүйектің жиырмасына дейін негізгі жұмыстар аяқталуы тиіс деді Серік Біләлов.

Айымгүл Әбілева