Балалар

Мектеп жәрмеңкесі

 

 

 

 

 

Мектеп жәрмеңкесі “Қызылжар” коммуналдық базарында ұйымдастырылды. Болашақ ұрпақтың сапалы білім алуы үшін кәсіпкерлер тауар бағаларын түсіруге бірден келісті. Мұнда балаларын жаңа оқу жылына дайындап жүрген ата-ананың қатары қалың болды.

  Оксана Кириллова,  қалалық білім беру бөлімінің әдіскері:
  – Мектеп жәрмеңкесі негізінен тұрмысы төмен отбасылар үшін ұйымдастырылды. Акция аясында осындай 3  отбасына  көмек көрсетілді.

Ирина Гонякина бес баланы тәрбиелейді. “Мектепке жол” акциясы аясында “Казмясопродукт” серіктестігі көпбалалы анаға  көмек көрсетті. Кәсіпорын өз қаржы есебінен Ирина Гонякинаның бүлдіршіндеріне оқу құралдары мен киім сатып әперді.

  Ирина Гонякина, көпбалалы ана:
  – Қазір аяқ киім және спорттық киімдер сатып алу ғана қалды. Сонымен балаларым жаңа оқу жылына толық дайын болады. Үкіметтің мұндай акцияны ұйымдастырғанына зор алғысымды білдіремін.

Бұнымен серіктестіктің көмегі шектеліп қалған жоқ. Кәсіпорын көпбалалы анаға өз өнімдеріне бірқатар жеңілдіктер жасады.

  Шамиль Шакиров,  “Казмясопродукт” ЖШС директорының орынбасары:
  – Гонякиндер Жұмысшы кентінде тұрады. Бұл ауданда біздің сауда нүктеміз бар. Енді олар дүкеннен жеңілдетілген бағалармен біздің өнімді сатып ала алады.

Жәрмеңке барлық сатып алушылар үшін тиімді болды. Әлия Күшеғалдина мұндағы бағалар қалта көтерерлік дейді.

  Әлия Күшеғалдина, сатып алушы:
 –Біз Бескөлден циркуль, қарындаштар аламыз деп келдік. Таңдау көп. Бағалары да жақсы.

“Мектеп жол” акциясы аясында биыл 300 -ге жуық оқушы оқу құралдарымен, киімдермен қамтамасыз етілді. Бұл мақсатқа бюджеттен 2 миллиондай ақша бөлінді.

 Жасын Біркенов