Білім

Петропавл педагогтарының тамыз кеңесі

 

 

Жиында әдеттегідей өткен оқу жылының жетістіктері мен кемшін тұстары айтылды. Ұлттық бірыңғай тестілеудің нәтижелеріне қарап, өңірімізде білім беру   сапасы артқандығын көруге болады. Қалалық білім ошақтары түлектерінің биылғы сынақта жиған орташа ұпайы – 94,34. Өткен жылы бұл көрсеткіш 3 ұпайға төмен болған екен. 242 талапкер мемлекеттік грант иегері атаныпты, ал 29 петропавлдық жақын және алыс шетелде білім алады.  

Ақжүніс Мұсырман, Петропавл қалалық білім бөлімінің бастығы:
– Білім беру саласына бөлінетін қаржы көлемі жыл санап артып келеді. Өткен жылы ғана қала бюджетінен бөлінген қаражат 4,2 млрд теңгеден 5,3 млрд теңгеге дейін өсті.

Тамыз кеңесіне қала әкімі Нұржан Әшімбетов те қатысты. Қала басшысы білім беру жүйесіндегі жетістіктерді ғана тізіп қоймай, кемшіліктерін де жасырмады.

Нұржан Әшімбетов, Петропавл қаласының әкімі:
– №40, 44 және №1 мектеп-интернат көрсеткіштері төмен болды. Жаңа оқу жылында олқылықтарды жоюға жұмыс жасау керек. 290 млн теңгеге білім мекемелерін жөндеу жұмыстары жасалды. № 40 және №43 орта мектептерде жөндеу жұмыстары әлі аяқталған жоқ .

Конференцияда педагог кадрлардың біліктілігін арттыру мәселесі де талқыланды. ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Раиса Полищук осы төңіректе біраз іс тындыру керектігін тілге тиек етті.

Раиса Полищук, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:
– Бұл жаңашылдықтар білім беру сапасын арттыруға бағытталған. Экономика мен қоғамдық өзгерістерден түсінігі бар азаматтар қоғамға қажет. 2011-2020 жылдарға арналған бағдарламада орта білім беру мекемелеріне ғана емес, ЖОО-на да көп көңіл бөлеміз.

Дәстүрлі шарада барлық қалалық білім беру ошақтарының педагогтары бас қосты. Биылғы отырыс “Отбасы, мектеп және қоғамның игілікті болашақ жолындағы өзара ынтымақтастығы” тақырыбын арқау еткен. “Отбасы”, “Мектеп”, “Қоғам” атты 3 бөлімде баяндамашылар өз тәжірибелерімен бөлісті.

Майгүл Мұхаметжанова, қазақ  мектеп-гимназиясының директоры:
– Балалар біздің мектебімізде  әлеуметтенуге сәтті жағдай жасалған деп айтуға болады. Себебі оқу кабинеттері, акт залы, спортзал, өнер, бассейн жұмысы барлығы баланың кешенді дамуына жағдай жасайды.

Білім беру жүйесінің үздіктерін қала әкімі Нұржан Әшімбетов марапаттады.

Айдана Демесінова