Балалар

Жарымжан балаларға қамқорлық

 

10 жасар Никита Пушкарев емдік дене шынықтыру кабинетіндегі спорттық жабдықтармен 2 жыл көлемінде жаттығып келеді. Интернатқа келген бетте өте тұйық, әрі қозғалысқа икемсіз болған ол, тәрбиешілердің айтуына қарағанда қазір ширақ, ашық жарқын балаға айналған.

Ольга Колесникова, балаларға арналған психоневрологиялық интернат-үйінің жаттықтырушысы:
-Әр баланы өзіне арналған жеке бағдарлама бойынша жаттықтырамыз. Оның ішінде кинезотерапия, механотерпия, әуендік және иіс терапия тәсілдері қолданылады. Нәтижесінде балалардың дене бітімі түзеледі, қан айналымы, жүрек жұмысы жақсарады.

Күндізгі бөлімшеде арнайы емделетін балаларға 8 бағыт бойынша көмек көрсетіледі. Мүгедек бүлдіршіндерге кемістігіне қарай массаж жасалады, ақыл-ойды дамыту үшін жеке сабақтар өткізіледі, көру, есту қабілетін жақсартып, жүйке жүйесін қалыптандыратын сенсорлық бөлме де бар. Соңғысында церебралды сал ауруына шалдыққан Евгений Миронов ем алуда. 2 жыл ішінде оның денсаулығы мен мінез-құлқы айтарлықтай жақсарған көрінеді.

Валентина Пролубникова, Евгений Мироновтың әжесі:
-Үйде сабақ алып жүргенде немерем мүлде басқа болды. Ал мұнда келе бастағалы ол көп балалармен араласады, дефектолог,  логопед мамандардың көмегі тиіп жүр. Сөздері бұрынғыдан анығырақ шығады. Бала дами бастады.

Күндізгі стационарға қазірде келіп жүрген 20 балаға сондай-ақ бассейн мен саунаның да шипасы тиеді.

Анжелика Айбатова, балаларға арналған психоневрологиялық интернат-үйінің директорының әлеуметтік жұмыс жөніндегі орынбасары:
-Медициналық көмектен басқа, ақыл-ой кемістігі бар балаларды дамыту бағдарламасына сәйкес білім береміз. Әрқайсысы мамандар берген бағыт бойынша жеке оқытылады. Және түрлі шығармашылық үйірмелерге қатыса алады .

Алдағы оқу жылында күндізгі бөлімшеге тағы 10 бала қабылданады. Айтқандай, тәрбиеленушілерін қарсы алуға интернат жан-жақты дайындалуда. Биыл ғимаратты жөндеуге облыс қазынасынан 4 млн 836 мың теңге бөлініпті.

Сәуле Қарабаева, балаларға арналған психоневрологиялық интернат-үйінің директоры:
-Кірер есікті, төменгі қабатты және кір жуатын орынды ретке келтіріп жатыр. Соңғы бөлме 30 жыл жөндеу көрмеген. Биыл онда пластикалық терезелер салынып, плиталар төселеді. Тағы 90 мың теңгеге аумақты абаттандырып, қоршау тұрғызылды. Осы айдың 25-не дейін барлық жұмыс аяқталады деген ойдамыз.

Кәусар Аяпбергенқызы