Аптадағы маңызды жаңалықтар

Тұрғын үй жәрдемақысы

    

“СевКазЭнерго” АҚ,  “Петропавл жылу желілері” мен “Солтүстік Қазақстан Энерго орталығы” жауапкершілігі жектеулі серіктестіктері табиғи монополияларды ретеу агенттігінің СҚО бойынша департаментіне өткен жылдың жылыту маусымынан көрсететін қызметтеріне төлемдерді 28 пайызға арттыру туралы ұсыныс түсірген болатын. Алайда энергетиктердің өтініштері құпталмай, тариф бұрынғы күйі өзгеріссіз қалды. Талаптарын қанағаттандыру үшін энергетиктер соттың көмегіне жүгінеді.

Марат Мұстафин, ҚР табиғи монополияларды ретеу агенттігі СҚО бойынша департаментінің директоры:
– Сот бұлардың ұсынысын толық қолдамады. Жартылай біздің қабылдаған шешгімді негізсіз деп тапты. Ол өзгеріс әуелде сұраған 28% емес 12% болды немесе шаршы метрге 93 теңге сұрап еді,   81 теңге болды. Осы себептен энергетиктер халыққа өзінің квитанцияларын жіберіп жатыр.   

Монополист кәсіпорындардың қайта есептеуінше өткен жылы пайдаланылған жылу мен суды жылыту үшін тұрғындардың берешегі 316 млн теңгені құрапты.

Еділ Көпенов, “Солтүстік Қазақстан Энерго орталығы” ЖШС директоры:
– Ыстық суға 2010 жылдың 1 қазанынан үстіміздегі жылдың 31 мамырына дейін, ал жылуға 1 мамырға дейін қайта есептеулер жүргіздік. Осы аралықтағы келген есептеулер алдағы қазан айына дейін өтелуі тиіс. Сонда ғана есеппұл қосылмайды.

Энергетиктер бұл қадамға мәжбүрлі түрде барғандарын айтады.

Андрей Калиничев, “Петропавл жылу желілері” ЖШС директоры:
– Бұның бәрі көрсететін қызметтеріміздің сапасын арттыруға бағытталады. Мәселен, 2008 жылы кенеттен істен шыққан желілерді жөндеуге әрі кеткенде 150 рет шығатынбыз. Өткен жылыту маусымында бұл шұғыл әрекетті талап ететін шаруаларымыз 300-ден асып кетті. Оның бәрі магистральдардың тозғанының белгісі. Оны қалпына келтіруге 2 млрд теңгенің несиесін алдық.  

Баспана иелерінің көпшілігіне бұл жаңашылдық түрпідей тиіп отыр. Жалғыз басты аға буын өкілдері мен аз қамтылған отбасылар қарызды өтеу жолдарын іздеп қынжылары сөзсіз. Жиынға қатысушылар бұндай мәселелерді шешу жағы да қарастырылған дейді.

Анатолий Мишин, Петропавл қалалық мәслихатының депутаты:
Бұндай мәселелер халықтың қалтасын қақпас үшін бізде 15 жыл бұрын тұрғын үй көмегі бағдарламасы қабылданды. Әлеуметтік әлауқаты төмен отбасылары мен зейнеткерлердің шығынының бір бөлігін мемлекет өз мойнына алады. Тек көмекті қажет ететін адамдар әлеуметтік қорғау мекемелеріне өтініш берулері қажет.

Жыл басынан тұрмысы төмен 3 200 отбасына 24 млн теңгенің осындай жәрдемі жасалыпты. Жалпы бағдарламада 2011 жылға 68 млн теңге қарастырылған. Тарифтің өсуі мемлекет есебіндегі әлеуметтік мекемелерді де 44 млн теңгеге қарызға батырыпты. Қалалық әкімдік мұның да түйінін шешеміз деп отыр.

Нұржан Әшімбетов, Петропавл қаласының әкімі:
Бұл үшін әлеуметтік мекемелердің басшыларына алаңдаудың қажеті жоқ. Қазір жаз мезгілінде бюджет қайта қаралады. Сол кезде біз коммуналдық қызметке қосылған қарызды өтейтін соманы қазынаға енгіземіз. Осылайша күзге дейін қарыз толығымен өтеледі.  

Жеңіс Ермұқанов