Аптадағы маңызды жаңалықтар

Солтүстікқазақстандық диқандар күзгі жиын-терінге кірісті

Облыстың бірқатар агроқұрылымдары орақ науқанына апта басында кіріскен. Облыс әкімі Серік Біләлов қауырт жұмысты бастаған Аққайың ауданының «Черкасское», «Базе-Север» серіктестіктерінде болды. «Черкасское» серіктестігі бидайға шығыпты. Облыс әкімінің айтуы бойынша бидай сабағы тым төмен шабылған. Дегенмен астық құлатуға жарап қалыпты. Серіктестік басшысы бұл аумақтарда гектарынан 15-16 центнерден өнім алуды жоспарлап отыр. Диқандар сұлыны бастыруды да қолға алыпты. Малазықтық дақылдар да өзгесінен бұрын пісіпті. Жоғары өнімді техника таңертеңнен кешке дейін егіс даласында. Қолайлы ауа райы ауыл шаруашылығы еңбеккерлеріне керек -ақ. Облыс әкімі оларға әр күнді тиімді пайдаланып қалуды тапсырды.

Серік Біләлов, СҚО әкімі:

 

-Мол астық – үлкен жұмысты қажет етеді. Әр күн, әр сағатты пайдалану керек. Жоспарда өзге де дақылдарды жинап алу тұр. Осы қарқынмен қыркүйектің 20-на дейін бар аумақтың 65-70 пайызын жинап үлгереміз деп ойлаймын.

Аққайың ауданының «Базе-Север» серіктестігінің де бидайы бітік шығыпты. Кісі бойындай алқаптардан гектарына 25 центнерден өнім аламыз деген үміт бар. Бидай құлатуға даяр. Әзірге екі ескі «Енисей» дала төсінде жорғалап жүр. Шаруашылық басшысы Фрунзик Акопян жоғары өнімді 5 техниканы кейінге сақтап отырса керек. Аз күнде барлығын шығармақ. Ені бір метр баулар – соңғы жылдары болмаған мол өнім.  
  Мағжан Жұмабаев ауданының диқандары да тамызда астыққа орақ салыпты. Александр Штах басқаратын шаруашылық биыл 17 мың гектарға дән сепкен. Өткен аптада жұмысты арпаны құлатудан бастапты.

Александр Штах, «Совет СК»ЖШС директоры, М.Жұмабаев ауданы :

-Бидай да пісіп қалды. Биыл гектарынан 17 центнерден өнім аламыз деп отырмыз. Әр жыл әр түрлі ғой. Биыл уақтылы жинап үлгерсек болғаны, астық шығымдылығы жақсы.

Ауыл еңбеккерлері қысқа қажетті мал азығын да қатар жинап жатыр. Бір мың тоннадан аса шөп, 1200 тонна пішендеме әзірленіпті. Сабан жинау да қолға алынды. Әзірге орақты аяқтау мерзімін дөп басып айту қиын. Диқан біткен ауа райы оң қабағын көрсетсе деп отыр. Ұзаққа созылған жауын-шашыннан кейін «Таманское» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі егін алқаптарына техника шығара алмай отыр. Бидайдың биіктегі де, дән байлануы да жақсы. Тек көкше бидайдың пісуіне бірнеше күн керек.

Николай Туницкий, «Таманское» ЖШС директоры:

 -Көктемгі егіс жұмыстары жауын -шашынға байланысты біразға кешіктірілді. Сондықтан алқаптардың 40 пайызы әлі толық жетілген жоқ. Осы апта күте тұру керек. Ал келесі аптада жұмысқа толық кірісеміз. 20 мың гектар жеріміз бар. Уақытылы алып үлгереміз деп ойлаймын.

Дән сіңірілген уақыт, тұқымның сұрпы  астықтың жағдайына әсер етеді. Осы аудандағы «Майбалық» серіктестіктігі  ораққа қызу кіріскен. Шаруашылық 24 мың гектардың 12 мыңына бидай сеуіпті. Биыл арпа  тектеске де жер бөліпті. Осы аптада 600 гектар өнімді жығыпты. 150 гектарда  дақыл бастырылыпты. 4 «Джон дир» мен 5 «Класс» , бір «Дон Вектор» орақты қыздырып -ақ жатыр.
 

Ерлан Елеуов, «Майбалық» ЖШС директоры:

-Сұлы оруды бастадық. Жердің ылғалдылығы 11 пайыз. Бидайдың сабағы да жақсы. Биыл 28-30 мың тонна астық аламыз ба деп отырмыз. Астық сақтайтын орнымыз бар.

Мағжан  Жұмабаев ауданының диқандары бұндай астыққа соңғы жылдары зар болған. Облыс әкімі аралаған әр шаруашылықтың алқаптарынан гектарына 20, біраз жерлерде одан да көп бидай өсіп тұр. 

 Александр Яшин, «Малогвардейское» ЖШС директоры, М.Жұмабаев ауданы:

 

-Биыл егіс науқаны өте күрделі өтті. Енді сол астықты дұрыс жинай алсақ болғаны. Отыз күнде орып аламыз деген жоспар бар. Масақ та жаңа пісіп жатыр.

Диқандармен кездескен облыс әкімі бұл ауданда да қыркүйектің 20-на дейін бар алқаптың 70 пайызының астығын жинап үлгеру керектігін айтты. Шаруашылықтарда техника жеткілікті. Жанар-жағармай қоры бар. Сәтін салса қолайлы күндері қамбаға бидай құйып алған абзал. М.Жұмабаев ауданының диқандары бұл маусымда 400 мың гектардың астығын жинап үлгеруі керек.

Владимир Бубенко, М.Жұмабаев ауданының әкімі:

-600 жатка ораққа дайын тұр. Олардың жартысынан астамы жөғары өнімді техника. Ауданда 3 элеватор бар. 450 мың тонна астық сақтауға болады. Екі ауысымды жұмыс ұйымдастырылған. Биыл орташа гектарынан 17-20 центнерден өнім аламыз деп отырмыз. Бұл жұмысты уақытылы, әрі жоғары деңгейде атқаратынымызға сенімдімін.  

Әсем Рахметова