Билік

Мектептердің жаңа оқу жылына дайындығы

 

Биыл республика бойынша 2,5 млн оқушы мектеп партасына отырады. 260 мыңы 1 сыныпқа баратын бүлдіршіндер. Білім және ғылым министрінің айтуына қарағанда өткен жылы бала саны аз  24 мектеп жабылған. Оқушылар аудан орталықтарындағы интернаттарда тұрып білімдерін жалғастырмақ. Сондай-ақ 9 жаңа мектеп қолданысқа беріледі. 670 мектепте күрделі жөндеу жүргізілді. Осы күні бұл жұмыстардың 80 пайызы орындалыпты. Жиында қаралған өзекті мәселе оқу ошақтарын отынмен қамтамасыз ету. Мәселе  Солтүстік Қазақстан, Атырау, Қостанай облыстарында түбегейлі шешілген. Аз қамтылған отбасыларының балаларын оқуға жинау жағы да назардан тыс қалған жоқ. “Мектепке жол” акциясы аясында мыңдаған бала оқу құралдары мен киім-кешектерге ие болды. Селекторлық жиында мектептердің өрт қауіпсіздігі мәселесі сөз болды. Төтенше жағдайлар қызметкерлерлері  5 178 мектепті тексерген. 17 мың заң бұзушылық анықталған. Мектердің санитарлық жағдайы да бақылауға алынды. Жалпы елімізде 84 мектеп апаттық жағдайда деп танылған. Сондай-ақ Елбасының тапсырмасы бойынша 2015 жылға дейін елімізде тұрғызылуы тиіс мектептердің жоба-сметалық құжаттарын дайындау жайы да сөз болды. Үкімет басшысы әкімдерге осы бағыттағы жұмысқа қарқын беруді тапсырды. Республика мектептеріне 2714 мұғалім жетіспейді. Әсіресе математика, физика, қазақ және орыс тілдерінің мұғалімдеріне сұраныс көп.  Жиында нарыққа қажетті мамандарды даярлауға да қатысты бірқатар міндеттер айқындалды. Аймақтар басшылары атқарылған жұмыстар туралы есеп берді.

Серік Біләлов, СҚО әкімі:
– Білім беру нысандарын әзірлеу жұмыстары аяқталуға жақын. Қажетті отын қоры толықтай жеткізілді. Өңірдегі 68 білім ғимаратына 680 млн теңгенің күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілді. 136 млн теңгеге ағымдағы жөндеу барлық насандарда жасалды. Мектептер оқулықтармен 90 пайызға, колледждер мен кәсіптік лицейлер 100 пайызға қамтылды. 187 жас маман жұмысқа орналастырылды. 260 педагогқа әлі де сұраныс бар. 576 млн теңге мектептердің материалдық-техникалық жағдайын түзеуге бөлінді. 147 млн теңге өрт қауіпсіздігін нығайтуға жұмсалды.

Селекторлық жиын соңында Үкімет басшысы алдағы екі аптада аяқталмаған істерді қорытындылап, жаңа оқу жылын үлкен дайындықпен бастауды тапсырды.

 Дана Ғизатова