Аптадағы маңызды жаңалықтар

Көл жағасындағы жаңа саябақ

 

Қамысты-қоғалы Пестрое көлінің жағалауын көрікті орынға айналдыру көктемде қолға алынған шаруа еді. Қалаға кіре берісте аумақта саябақ салынатын болды. Еліміздің 20 жылдық мерейтойы қарсаңында пайда болған нысанға «Тәуелсіздік саябағы» деген атау берілді. Осы маңдағы ағаш біткен құлатылып, жер тегістелді. Негізгі жұмыс «Вант» жауапкершілігі шектеулі серіктестігіне жүктелді.

Александр Филипенко, «Вант» ЖШС директоры:

Бұл маңда терек ағаштар болған. 15 күндей осы алаңды тазаладық. Жаңадан жер әкеліп, саябақты тегістедік. Бірнеше терраса салынды. Яғни бұл аумақ автожол, саябақ және саяжай деп үшке бөлінді. Осы маңдағы су құбырлары толық ауыстырылды.

Жұмыс барысында жобаның жоспарлаушылары ауысқан. «Солтүстік жұлдызы» атты стела әуелгіде көлге орнатылуы керек еді. Кейін жағаға шығарылды.

Александр Филипенко,  «Вант» ЖШС директоры:

-Стеланың құрылымы өте күрделі. Жоғары деңгейде жасалған. Мердігер компания металл құрылымды бөлек-бөлек жасап, осы жерде бір тұтас етіп құрастырды. Ал стелланың сырты неопан атты кешенді алюминий панельмен қапталды.

Саябақта ересектердің еркін тынығып, бала-шағаның ойнауы үшін орындар жабдықталыпты.  Скейтборд алаңдары да, көлік тұрақтар да жасалып жатыр. Облыстың даму қарқыны, ірі кәсіпорындар мен жүзеге асырылып жатқан  бағдарламалар туралы мәліметті де осы жерден табуға болады. Саябақ бірнеше күнде тапсырылады.  

Тагиржан Исьянов, «Вант» ЖШС бригадирі:

– Саябақ құрылысын бастағанда дәл осындай көрікті болады деп ойлаған жоқпыз. Күн өткен сайын бұл маң құлпыра түсті. Көл жағасына демалуға келетіндер де жұмыстың жақсы атқарылғанын айтып жатады. Өз қаламыз үшін салынған саябақтың құрылысына қатысқаныма қуаныштымын.

Нысан басында он шақты мердігер компания жұмыс істеген. Құрылысшылар Пестрое көлінің жағасын тазалауға да ерекше көңіл бөліпті. Экскаватормен жағадан бес алты метрдің құмы ауыстырылған. Алдағы күндері саябақтағы бос алаңдарға түрлі ескерткіш экспозициялар орнату жоспарда бар. Көлден субұрқақ тарту да ойластырылыпты. Осы маңды түрлі шаммен жарықтандыру да жүргізіліп жатыр. Ал бас мердігер компания басшысы Александр Филипенко қаржы табылса, саябақтың аумағын созып, оң мен солға кеңейту мүмкіндігі бар екендігін айтады.

Әсем Рахметова