Білім

Грант алған талапкерлер саны азайды

 

 

Биылғы мемлекеттік грант иелері мен ақылы түрде білім алуға ниет білдіргендер университетке құжаттарын тапсырып жатыр.  Үстіміздегі жылы 1753 талапкер мемлекеттік грантты тағайындау конкурсына қатысты. 671 жерлесіміз тегін білім алу мүмкіндігін иеленіпті. Солардың 454-і СҚМУ-де тегін оқитын болады. Бұл көрсеткіш өткен жылғымен салыстырғанда төмен.

Жангелді Сейтзадин,  М.Қозыбаев атындағы СҚМУ қабылдау комиссиясының жауапты хатшысы:
– Биыл грантқа өту балы жоғары болды. Бұған бірнеше себеп бар. Мысалы ҰБТ тапсырғандардың саны 126 мың. Өткен жылы 107 мың ғана. Бұл республика бойынша.

Мағжан Капаров балалық шағынан мұғалім болуды армандапты. Ұлттық бірыңғай тестілеуден  қазақ тілі пәнін санамағанда  76 ұпай жинап, физика мамандығына грантқа түскен талапкер мақсатына жетті.

Мағжан Капаров:

– Мен грантқа түскеніме өте қуаныштымын. Келешекте мен физика мұғалімі боламын, балаларға физиканы оқытамын.

Ал Әлібек Айтжановтың жолы болмады. 78 ұпай жиған жасөспірім Солтүстік Қазақстан мемлекеттік университетіндегі география мамандығына құжатын тапсырғалы тұр.

Әлібек Айтжанов:
-Грантқа өткен жоқпын. Географ мамандығы бойынша документ тапсырып жатырмын. 1-семестр бойынша жақсы оқып, грантқа ауысамын деген ойым бар.

Жоғары оқу орнында тегін білім алу мүмкіндігіне ие болғандар тамыздың 25-не дейін құжаттарын тапсыруы тиіс. Ақылы түрде оқимын деген талапкерлер де осы мерзімге дейін студенттер қатарына қосыла алады.

Айдана Демесінова