Аптадағы маңызды жаңалықтар

Мектепке дайындық

 

Жаңа оқу жылы жақындап қалды. Баласы 1 қыркүйек күні мектеп есігін ашатын ата-ананың күйбеңі көбейген. Бүгінгі күні баланы мектепке дайындау оңай емес. Оқушылардың киім-кешегі желтоқсан айынан бері 0,8 пайызға қымбаттаған. Тауардың бағасы өндіруші елге, оның өлшемі мен тігілген матасына байланысты.

Гүлзиян Ізбасова, СҚО статистика департаменті бастығының орынбасары:
-Үстіміздегі жылы спорттық киімдердің бағасы өскен жоқ.
Оның құны 2 500 теңгеден басталады. Ал балалардың аяқ киімі биыл жеті айдың ішінде 1,9 пайызға қымбаттады. Оның құны 2000 -нан жоғары. Оқушыларға ауыстыратын аяқ киім керек екенін ескерсе, бұл бағаны екіге көбейтеміз. Спорттық аяқ киімнің құны 1500 теңгеден басталады.  

Мария Горбунова бүгін дүкенге қызы Лизаға костюм қарау үшін келіпті. Ал өзге мектепке қажетті киім-кешек пен құрал-жабдықтарды бұған дейін сатып алған.

Мария Горбунова:
– Біз қызым екеуіміз бірге жүріп киім-кешек таңдаймыз.
Әрқашан, баланың қалауын ескереміз. Жаз бойы уақыт болды. Мектепке қажеттінің бәрін алып қойдық.

Оқу құрал-жабдықтарының бағасы бір қарағанда арзан көрінгенімен, қажеттінің барлығын сатып алған кезде кәдімгідей қалта қағады. Мәселен, бір қаламның орташа бағасы – 15 -тен 150 теңгеге дейін, фломастердің құны – 140 – 600 теңге арасында. 12 беттік дәптердің орташа бағасы 15 теңге. Ал сыртында суреті бар дәптерлерді 35-40 теңге шамасында сатып алуға болады. Жоғары сынып оқушыларына арналған жалпы дәптердің құны 70-80 теңгенің арасында.

Сәуле Дәкенова:
Менің мектепке баратын екі балам бар. Бүгін дүкенге келіп ең қажетті деген оқу құрал-жабдықтарын алдым. Барлығын сатып алуға 5 мың теңге жұмсадым. Жалпы өткен жылмен салыстырғанда құрал-жабдықтардың бағасы аса өскен жоқ. Көңілге қонымды.

Ал оқулықтардың бағасы 560 -тан 1000 теңгеге дейін жетеді. Сөйтіп, бір баланы толыққанды мектепке дайындау үшін шамамен 30-40 мың теңге қажет екен.

Айымгүл Әбілева