Қылмыс

Саяжайшылар қоғамының күзетшісі өлтірілді

 

Қайғылы оқиға Пестрое көлінің маңындағы «Восток» саяжайында орын алды. Таң сәрісінде өз қарауындағы аймақты аралап шығып, тәртіпке көзі жеткен күзетші ішімдік ішуге кіріскен. Көмекші әйелдің айтуына қарағанда, ащы суға мастанған күзетші оған қол жүгірте бастайды. Ал қашуға әрекет жасағанда ер адам оны соққыға жыққан. Осы сәтте ашуы қысқан әйел үстелдегі асханалық пышақты алып, күзетшінің кеуде тұсына сұғып жіберген. Күзетшінің мәйітін таңғы сағат 8 шамасында саяжайшылар тауып алған. Полиция мен жедел жәрдемге хабар берген де солар болатын.

Қанат Қасенов, СҚО ІІД аға инспекторы:
– Қазіргі уақытта күдікті Қазақстан Республикасы қылмыстық іс жүргізу кодексінің 132- бабына сәйкес Петропавл қалалық ІІБ-ның уақытша ұстау изоляторына қамауға алынды. Аталған факті бойынша қасақана адам өлтіруге байланысты Қылмыстық кодекстің 96-бабы бойынша қылмыстық іс қозғалды.

Тергеу амалдары барысында қайғылы оқиғаның мән-жайы толығырақ анықталатын болады. Тәртіп сақшыларының айтуынша, ауыр қылмыстардың 90 пайызға жуығы спирттік ішімдік ішудің салдарынан жасалады.

Кәусар Аяпбергенқызы