Әр түрлі

“ЗИКСТО” – 70 жыл



 

 

Осыдан жетпіс жыл бұрын тамыздың он төртінде Солтүстік Қазақстан жеріне қондырғылар тиелген алғашқы эшелон келді. Ал қыркүйек айында зауыт бірінші өнімін шығарса, бір айдан кейін әскери техника өндірісін жолға қойды. Соғыс жылдарында кәсіпорын мамандары әскери техниканың 13 түрін шығарған.

Игорь Коровин, “ЗИКСТО” АҚ бас директоры:
-Куйбышев атындағы зауыт Кеңес Одағында теңіз миналарын шығарған жалғыз кәсіпорын. Соғыс жылдарында зауыт қызметкерлері аянбай еңбек етіп, Ұлы жеңіске өз үлестерін қосты. Сол жылдары жұмыс істеген адамдардың табандылығы мен қажырлылығы арқасында бүгінгі зауыт қалыптасты.

Соғыс жылдары зауытта сегіз мыңға жуық адам жұмыс істепті. Бүгінде сол уақытта еңбек еткендердің қатары сиреген. Осы күні тоғыз адамның ғана көзі тірі. Солардың бірі – Роза Коптырева. Ол зауытқа 1942 жылы келген. Жеңіс үшін күні-түні тынымсыз жұмыс істеген сол жылдар ардагердің әлі күнге дейін есінде.

 Роза Коптырева, еңбек ардагері:
-Өте қиын болды. Демалыссыз еңбек еттік. Жоспарды орындау үшін түнгі уақытта да жұмыс істеуге тура келді. Майдан үшін түрлі бөлшектер шығардық. Рекорд жасаған кездер әлі есімде.
Барлығымыз жеңісті жақындату үшін жұмыла аянбай еңбек еттік қой.

Ал бүгінде “ЗИКСТО” акционерлік қоғамы тұрақты түрде дамып келе жатқан кәсіпорын. Зауыт осы күні вагон өндірісін жақсы жолға қойған. Үдемелі индустриялық-инновациялық даму бағдарламасы бойынша облыстағы алғашқы жоба – осы кәсіпорында жүзеге асырыла бастады. Зауыт ұжымының алға қойған мақсаттары айқын. Олар 2012 жылы 1000 вагон шығаруды көздеп отыр. Ал кейін өндіріс көлемін арттыра бермек.

Айымгүл Әбілева