Әр түрлі

Діни бірлестіктермен байланыс жөніндегі кеңес отырысы

 

 

 

 
Жиынды өңір басшысы Серік Біләлов ашты. Облыс әкімі кеңестің мемлекеттік органдармен және діни ұйымдармен өзара байланыс орнату бағытында жұмыс істейтінін атап өтті. Кеңес құрамына облысымызда тіркелген діни бірлестіктер өкілдері, мемлекеттік қызметшілер, Ассамблея өкілдері, оқытушылар кіреді. Қазіргі таңда облыста 232 діни бірлестік қызмет етеді. Оның 95-і  ислам, 44-і христиан және 14-і католик шіркеулері. Протестанттық бағыттағы, иудаизм, буддизм мен дәстүрлі емес діндерге сенетіндердің үлес салмағы 5 пайызды құрайды. Өңірде Түркия, Ресей, Польша, Германия, Белоруссия мен Австриядан келген 30 шетелдік миссионер тіркелген.

 Серік Біләлов , СҚО әкімі:
-Қазіргі таңда дәстүрлі конфессиялар өкілдері облыстың қоғамдық-саяси өміріне белсенді қатысып, халық арасында діни терроризм мен экстремизмнің алдын алу бағытында жұмыс істейді. Мұсылман қауымдастығы, орыс православ және рим-католик шіркеуінің өкілдері ағартушылық жұмыс жүргізіп, абақтыларды аралап, түрлі қайырымдылық шараларына атсалысады.
 

Қоғамда конфессияаралық түсіністікті, өзара құрметті сақтау бағытында атқарылып жатқан өзге де жұмыстар жайлы кеңес мүшелері – әділет департаментінің бастығы Степан Зайтлер, ішкі саясат басқармасының бастығы Ерлік Жанділдин есеп берді. Осы күнге дейін елімізде әлемдік және дәстүрлі дін басшыларының 3 съезі өтті. Биыл Қазақстан Республикасы Еуропадағы қауіпсіздік пен ынтымақтастық ұйымына жетекшілік етуде. Еліміздегі тұрақтылықты сақтауға жергілікті жердегі дін өкілдері өз үлестерін қосып келеді. Дін жолына түскен көптеген жерлестеріміздің ішімдіктен бас тартуы байқалады.

 Сергей Снопков , “Петр мен Павел әулиелер” соборының  басшысы:
– 90-шы  жылдардың басында облысымызда 3 приход болса, бүгінде олардың саны 44-ке жетіп отыр. Бұл елімізде дінге ерекше мән берілгенінің айғағы. Біз өз тарапымыздан  өскелең ұрпақтың түрлі теріс қылықтардан аулақ болып, әр түрлі ағымдарға бет бұрмауы үшін қолдан келгенді жасаудамыз. Көптеген діндестеріміз ішімдіктен бас тартып жатыр. Бүгінге дейін 100 адам арақтан алыстады. Бұл бағыттағы жұмыстар одан әрі жалғасын табады.

Қасымхан Исаев,  Қызылжар облыстық мешітінің бас имамы:
– Бізде медресе мәселесі қиын болатын.
Ал қазірде 9 медресе, 1 университетіміз бар. Жергілікті жерден 8 бала медресеге, 2 университетке оқуға түсті. Жастарды «Таблиғи жамаат» сияқты ағымдардан қорғау бағытында жұмыстар атқарамыз. Кітаптар тексеріледі, Теңдік ауылында арақ мүлдем сатылмайды.

 Облыс әкімі діни бірлестіктер өкілдерінің бұл бастамаларын қолдап, жұмысты жалғастыру керектігін айтты. 2009 жылы құрылған “Прозрение-Көзжету” қоғамдық бірлестігі, мемлекеттік тапсырыс бойынша “Қазіргі дәстүрлі діни ағымдар жөнінен халықтың сауаттылығын арттыру” жобасын жүзеге асыруда.

Максим Доценко,  “Прозрение-Көзжету” ҚБ төрағасы:
– Біздің қоғамдық бірлестік 3 бағытта жұмыс жүргізеді. Біріншіден, кеңес береміз. Түрлі секта мен ағымдардан жапа шеккендерге көмек көрсетеміз. Бұдан өзге, халықты діни ұйымдардың жұмысы жайлы ақпараттандыру қарастырылған. Семинарлар, интернет-конференциялар өткізіліп, баспасөзде  мақалалар жарияланып тұрады.
 

Бүгінде конфессияаралық келісімнің қазақстандық үлгісін күллі ОБСЕ құрамына кірген мемлекеттер зерттеуде. Ендеше ондаған жылдар бойы жинақталған тәжірибені еселеп, қоғамның тұтастығын сақтау бағытындағы жұмыстар одан әрі жалғасын табуы тиіс. Сондықтан кеңес отырысының қорытындысы бойынша  діни бірлестіктермен байланыс жөніндегі кеңеске жаңадан құрылатын дін істері жөніндегі департаментпен тығыз әріптестік орнату тапсырылды. Ал ішкі саясат басқармасына этносаралық және конфессияаралық қарым-қатынасты дамыту бағытында телеарналарда көптеп хабар шығару жүктелді.

 

 Гүлмира Шоқтыбаева