Әр түрлі

Халыққа қызмет көрсету орталықтарының жұмысы жетілдірілуде

 

Халыққа қызмет көрсету орталықтарының жұмысын автоматтандыру қолға алынды. Алдағы уақытта азаматтар белгілі бір құжатты алу үшін кезекке тұрып, көптеген анықтама қағаздарды жинауға уақыт кетірмейді. Өйткені қажетті құжаттардың саны азаяды. Автоматтандыру жұмыстары аяқталғаннан кейін электронды қолтаңбасы бар тұрғындар үйде отырып-ақ өзіне керекті анықтама қағаздарын ала алады. Бұл қолтаңбаға бүгіннен иеленуге болады. Ол үшін халыққа қызмет көрсету орталығына өтініш беру қажет. Қызмет көрсету сапасын арттыру үшін жасалып жатқан ауқымды жұмыстар шілденің 23-інен басталды.

Әскен Жолдасов, халыққа қызмет көрсету орталығы СҚОФ директорының орынбасары:
-2011 жылдың 23-шілдесінде Президентіміз Н.Ә.Назарбаев халыққа қызмет көрсету орталықтарына қатысты ҚР заң актілеріне өзгертулер енгізу туралы заңға қол қойды. Негізгі өзгерістердің бірі халыққа қызмет көрсету орталықтарының қызметі жергілікті атқарушы органдардан ҚР Ақпарат және байланыс министрлігіне көшуі. Қызмет көрсету сапасына да жаңашылдықтар енгізілуде.

Сондай-ақ екіжақты қол қойылған меморандум аясында Қазақстанның азаматтық альянсының өкілдері орталық қызметкерлерінің жұмысының сапасын бақылайды. Олардың жұмысына әділ баға беретін тұрғындардың өздерін де сауалнамаға тартады. Орталық жұмысының сапасы жайлы бұқараның пікірін білу үшін арнайы құрылғылар орнату көзделген. Әлеуметтік сауалнама жүргізудің нәтижесінде қызметкерлердің жұмысына шағымданғандар болмады.

-Қызметшілердің қызметтері жақсы. Кіргенде консультанттар жақсы кеңес береді. Бәрін түсіндіреді. Жақсы қарсы алады, кезектері жоқ.
-Бұрын бұл анықтама қағазы 3 күннен кейін берілетін. Қазір 15 минуттан кейін де алуға болады. Оң өзгерістер болып жатқанына қуаныштымын
-Мен жуырда ғана келдім. Құжаттарымды тапсырдым. Енді қашан дайын болуын күтіп отырмын, кезек болған жоқ.

Тамыздың 12-сінен орталықта жөндеу жұмыстары басталады. Сондықтан да қызметке жүгінетін азаматтар өзге есіктен кіргізіліп жатыр. Сондай-ақ мемлекеттік қызметке қол жеткізу үшін Қазақстан Конституциясы көшесінде орналасқан орталықтың филиалына баруға болады.

Айдана Демесінова