Қоғам

Гүлдер – көше көркі

 

Жайқалған алуан гүлдер қала көшелеріне ерекше сән беріп тұр. Бұл жерге негізінен шырайгүлдердің түр-түрі егіліпті. Күнделікті баптап, арнайы күтім жасаса, олар тұрғындарды өз әсемдігімен күзге дейін қуантпақ.

Александр Охременко:
– Бізде 5 гүл алаңы мен 3 гүлзар бар. Оларды күнде таңертең суарып, күтім жасаймыз. Гүлдер әсем, көрікті болуы үшін арамшөптерін жұлып, үнемі тазартып отырамыз.

Биыл қала бойынша 8 жарым мың шаршы метр жерге гүл егіліпті. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 2 есеге артық. Мағжан Жұмабаев, Ғабит Мүсірепов, Шоқан Уәлиханов атындағы саябақтардың маңы қызылды-жасылды гүлдермен көмкерілген. Қазіргі уақытта тәуелсіздік стеласының айналасын көгалдандыру жұмыстары қарқынды жүргізілуде.

Антонина Сулеин, “Коммунхоз” МКК қызметкері:
Бұл жердің 60 шаршы метріне шырайгүл ектік. Ал қалған бөлікке жасыл шөп отырғызамыз. “Коммунхоз” дизайнері гүлзарлардың үлгісін жасайды. Біз сол үлгі бойынша гүл егеміз. Көшеттерді ботаникалық бақта өсіреміз. Қалған бөлігін тапсырыс бойынша Астана қаласынан аламыз.

Тұрғындар қала көркіне ерекше көңіл бөлініп жатқанына риза. Түрлі-түсті гүлдермен әсемделген қала саябақтары петропавлдықтардың сүйікті демалыс орнына айналып отыр.

Біздің қала жыл сайын көріктеніп келеді. Бұл өте қуанышты.  


 Инеш Шоқақова