Қоғам

Жазасын өтеушілерге заңгерлік ақыл-кеңес

 

 

Қалыпты өмірден аласталып, темір тордың тұтқынында қалған бұл жандар үшін бүгін қозғалған әр мәселе маңызды. Жазаны қалай жеңілдетуге болады, шыққаннан соң жұмысқа орналасу мүмкін бе, мерзімінен бұрын босатылу үшін қандай шара қолданған жөн. Бұл сауалдардың жауабын жазасын өтеушілерге білікті мамандар айтты.

Қанат Сәлімбаев, ЕС 164/1 ММ бастығы орынбасарының міндетін атқарушы:
– Мерзімінен бұрын босату, қоныс колониясына ауыстыру мәселері бойынша адвокат шақырып, заң жүзінде кеңес беріп жатырмыз. Бұл шаралар жыл сайын өткізіледі.

Мұндағылардың көкейінде жүрген басты мәселе – қылмыскерлерге рақымшылық жасау туралы заң. Соңғы рет 2006 жылы қабылданған мұндай құжат биыл тәуелсіздік күні қарсаңында да қабылдануы мүмкін. Алайда оның қандай қылмыс түріне қатысты болары жөнінде айту ертерек дейді мамандар. Сондай-ақ Қылмыстық Кодекстегі өзгерістерге сәйкес жазасын өтеушілерге жеңілдіктер жасалуы мүмкін.

Елена Кошелева, СҚО қорғаушылар алқасының мүшесі:
– Мерзімінен бұрын босату жөнінде Қылмыстық Кодекске енгізілген өзгерістермен жапа шеккендер таныстырылады. Егер де олар бұған қарсы болып,өтініштерін білдірсе, қылмыскер босатылмайды. Дегенмен олар қоныс колониясына ауысулары мүмкін.

Жазасын өтеушілердің айтуына қарағанда кездесу нәтижесі бәрін қанағаттандырған.

– Осындай шараларды жиі өткізеді, сол үшін рақмет айтқым келеді
– Бізге заңгерлік ақыл-кеңес алуға мүмкіндік жасалғанына рақмет,біз өз сұрақтарымыздың барлығына жауап алдық.

Ендігі кезекте қылмыскерлерді Қылмыстық Кодекстегі өзгерістермен таныстыру кездесулері облыс көлемінде өткізілмек.

 Кәусар Аяпбергенқызы