Әр түрлі

Байланысшы – жауапты жұмыс

 

 

Ауа райының қолайсыздығына қарамастан бұл мамандық иелері қай кезде де халық игілігі үшін еңбектенеді. Әр үйдің телефоны дұрыс істеп, интернет байланысының жақсы болуы үшін олар күн-түн демей маңдай терін төгуге дайын. Байланыс саласындағы қызмет ету қиын болса да, Сергей Шнякин осы кәсіпті таңдағанына еш өкінген емес.

Сергей Шнякин, «Қазақтелеком» АҚ СҚ О филиалының кабельші-дәнекерлеп бекітушісі:
-Жұмысыма көңілім толады. Әріптестерімізбен қарым-қатынастарымыз жақсы. Жалақыны уақытында береді. Сыйақылар да алып тұрамыз.

Сергей Шнякин 16 жасында № 25 училищеде 10 ай фрезерлеуші маманына оқыған. 3 жыл зауытта жұмыс істегеннен кейін әскери борышын өтеуге аттаныпты. Онда көлік жүргізуді үйренген екен. Туған елге оралған соң «Қазақтелекомға» жүргізуші болып орналасқан. Байланысшылардың қызметін бақылаған азамат олардың жұмысына қызығып, осы қызметке өзі де ауысыпты.

Сергей Шнякин, «Қазақтелеком» АҚ СҚ О филиалының кабельші-дәнекерлеп бекітушісі:
-Шоғырсымның тарамын ауыстырып алсаң, телефон да, интернет те жөнді істемей қалады. Сондықтан да бұл өте жауапты жұмыс. Жаңадан орналасқанда қиын болады. Жүргізушіден қазіргі қызметіме ауысқан кезде бригаданың құрамында болғандар қолдарынан келгенше жәрдемдескен. Соларға деген алғысым шексіз.

Сергей Шнякиннің өз жұмысына асқан жауапкершілікпен қарап, адал қызмет ететінін әріптесі де атап өтті. 24 жыл бұрын біреудің көмегі мен кеңесіне мұқтаж болған ол бүгін өзгелерге қол ұшын беруге даяр.

Иван Андриянов, «Қазақтелеком» АҚ СҚО филиалы №1 кабельді учаскесінің инженері:
– 20 жылдай бірге жұмыс істейміз. Бір іске кіріссе міндетті түрде соңына дейін жеткізеді. Келген жастарға да көмектесіп, кеңесін береді.

Айдана Демесінова