Қоғам

Жастар арасындағы қылмыстың алдын алу жобасы

«Петропавл жастары арасындағы қылмыстың алдын-алу жұмыстарын ұйымдастыру және өткізу» кешенін орталық мүшелері ұзақ уақыт дайындады. Алдымен жастармен жұмыс жасаудағы әлемдік және отандық тәжірибе сарапталды, нәтиже шығарылды. Енді жоспардағыны іске асыратын уақыт келді.

 Жангелді Сейтзадин, «Зерде» ғылыми-ағартушылық орталығының мүшесі:
– Іс-шаралардың кешеніне мектеп, колледждерде дөңгелек үстелдер өткізу, көше, түнгі клубтарда бірыңғай рейд өткізу, футбол, минифутболдан жарыстар өткізу, буклеттер тарату .

Бүгінде жастар арасындағы қылмыс жағдайын ескерсек, мұның бәрі аса қажетті, тіпті міндетті шаралар. Соңғы жарты жылда қала бойынша 1 246 жасөспірім әкімшілік жауапқа тартылыпты.

Эльмира Абушева, қалалық ІІБ кәмелетке толмағандар ісі жөніндегі учаскелік полиция инспекторы:
– 40 ата-ана өз міндеттерін атқармағаны үшін жауапқа тартылды.  25 бала  кәмелетке толмағандарды уақытша оқшаулау, бейімдеу және сауықтыру орталығына орналастырылды. Біз қылмысқа жол бермеу үшін әрдайым рейдтер жасап отырамыз.  

Елдің болашағына жауапты жас толқынның құқықбұзушылыққа бет бұрмауын қадағалау барлық аға буынның міндеті. Осы іске түбегейлі кіріскен “Зерделіктер” аталған кешен аясындағы жұмыстарын желтоқсанға дейін жалғастырмақ. Бұл ортақ мақсатқа қалалық ІІБ, орта және жоғары білім ошақтары да жұмылатын болады.

 Кәусар Аяпбергенқызы