ТКШ

Аулаларды абаттандыру

 

Осыдан бірнеше апта бұрын бұл жерде қоқыс алаңы болғанына сену қиын. Ауланы айнадай етіп тазарту үшін тұрмыстық қалдықтар 14 жүк машинасымен шығарылыпты. Жайқалып тұрған ақ қайыңдар аллеясы тазарған аулаға ерекше сән бере түскен. Мұның бәрі тұрғындардың бірлесе жұмыс істеуінің арқасы болса керек.Баспана иелері қоршауларды өз қолдарымен жасапты. Гүлдерді баптап, күту жұмыстары мен ауланың тазалығы пәтер иелері кооперативі төрайымының жіті бақылауында. Мұндай өзгеріске түрткі болған Валентина Брюховецтің белсенділігіне 285 пәтерлік үйдің тұрғындары дән риза.

 – Ауламыз жандана түсті. Айнала қайың мен түрлі-түсті гүлдерге толы. Бұл Валентина Ивановнаның жұмысының жемісі деп ойлаймын.
– Бізде бұрын ойнайтын алаңқай болған жоқ. Әткеншектер де сынық еді. Ал қазір достарыммен ауладан ұзамай күні бойы ойнай аламыз.  

Тұрғын үйде қысқы жылыту маусымына дайындық та қызу жүріп жатыр.

Валентина Брюховец:

– Біз ең алдымен ыстық және суық су құбырларын алмастырдық. Содан соң уақытты текке өткізбей, ауланы абаттандыру жұмыстарына кірістік. Нәтижесі тұрғындардың көңілінен шықты деп ойлаймын.

Валентина Брюховец жұмысқа шын ниетіңмен кіріскенде ғана ісің оңға басады дейді. Бұған тұрғындардың да көзі жеткендей. Бұл жаңашылықтар  әсіресе балалардың көңілінен шыққан.

Валентина Брюховец:

-Балалар ауланың күн сайын көріктеніп келе жатқанына риза. Кешқұрым тұрғындарды жинап, шағын концерттер де өткізеді. Бұл, әрине, бізді өте қуантады.  

Балақайлар осы іспетті шығармашылық кештерді тағы да өткізбек. Ал Валентина Брюховец оларға әрдайым қол ұшын беруге әзір. Тұрғындар оның  қайратына таң қалып, туған қалаға деген жанашырлығы үлгі тұтуға тұрарлық дейді.

 Инеш Шоқақова