Денсаулық сақтау

“Әйел денсаулығы – ұлт денсаулығы”

 

 

 

 

 

“Әйел денсаулығы – ұлт денсаулығы”. Кездесуге жиналғандар бірауыздан бұл мәселенің маңыздылығын айтады. Сондықтан бүгінгі таңда мемлекет әйел денсаулығына үлкен мән беріп отыр. Бұл бағытқа қомақты қаражат бағытталуда. Бірінші кезекте аналар дүниеге дені сау ұрпақ әкелу үшін аурудың алдын-алу шараларына басымдық беріліп отыр. Елімізде жүйелі түрде әйелдерді тексеру жұмысы жүргізіледі. Өткен жылы мұндай тексеріс 35 жастан басталса, биылдан отызға толған әйелдер мамандарға тегін қаралу мүмкіндігіне ие болды.

Светлана Кашенцева, қалалық әйелдер консультациясының бас дәрігері:
– Облыста аурудың алдын алуға үлкен мән беріледі. Қан айналым жүйесі сырқаттарын анықтау үшін әйелдер тексерістен өтеді. Сондай-ақ әйелдердің жатыр мойны ісігі, сүт бездері ісігі тәрізді ауруларын да қараймыз.
Мұндай алдын алу мақсатындағы тексерістің маңызы үлкен. Сондықтан әйелдер міндетті түрде өтулері қажет.

Мамандардың айтуларынша, әйелдердің елу пайызға жуығы анемиямен ауырады. Айту керек, жүктілік кезінде аналар тегін ем алады. Мемлекет сырқат әйелдерді қажетті дәрі-дәрмекпен қамтамасыз етіп келеді. Ауруды дер кезінде анықтаудың маңызы үлкен. Емдеу мекемелерін озық үлгідегі қазіргі заманғы қондырғылармен жабдықтауға баса мән берілуі сондықтан.

Жанна Маутова, облыстық перинаталдық орталықтың бас дәрігері:
Бүгінгі күні орталықта консультациялық-диагностикалық емхана жұмыс істейді. Бұл жерде толық медициналық тексерістен өтуге бар мүмкіндік жасалған. Бірнеше кабинеттер жұмыс істейді. Мамандар бар. Жаңа қондырғылар түсіп жатыр. Сондықтан әйелдеріміз отбасын құрмас бұрын, ана болу туралы шешім қабылдамас бұрын бізге келіп тексерістен өтулері қажет.

Бұл дүниеге дені сау ұрпақ әкелу үшін аса маңызды. Сондықтан болашақ аналарымыз осы мәселеге үлкен жауапкершілікпен қараса дейді дөңгелек үстел басына жиналғандар.

Айымгүл Әбілева