Билік

Өңір басшысы Петропавлдағы құрылыс алаңдарын аралады



 

Облыс әкімі Серік Біләлов алдымен Қазақстан Конституциясы мен Павел Васильев көшелерінің қиылысында салынып жатқан Тәуелсіздік стеласының құрылыс басында болды. Жоспарға сай мұндағы жұмыстар тамыздың басында аяқталуы тиіс еді. Алайда астаналық мердігер нысанды уақытында тапсыруға үлгермей жатыр. 27 метрлік стеланың   негізгі шаруасы тындырылған. Ендігісі – айналасын абаттандыру. Құрылысшылар өңір басшысын нысанды тамыздың 15-не дейін қолданысқа береміз деп сендірді.

   Ал Брусиловский көшесінің бойындағы жылу желілерін ауыстырып, жол жөндеу жұмыстарының қазан айына дейін созылатын түрі бар. Мұнда “Петропавл жылу желілері” кәсіпорнының мамандары магистральды заманауи пенополиуретан құбырларымен жаңартпақ. Энергетиктер жұмыс баяу жүріп жатқанымен сапасы өте жоғары болатындығын айтады. Қауырт маусымға дейін бар жұмыс 100 пайызға орындалмақ.

  Е. Букетов пен Астана көшелерінің қиылысындағы гүлзардың құрылысында атқарылған жұмыстар өңір жетекшісінің көңілінен шықты. Орындықтар қойылып, аумақ абаттандырылыпты. Жуық арада қалалықтар жаңа демалыс орнының қызығын көретін болады.

   Серік Біләлов сондай-ақ аквапарк құрылысымен де танысты. Кіре берісте су кешенінің қонақтарын мультфильм кейіпкері капитан Врунгельдің композициялық мүсіні қарсы алатын болады. Бетонды құмнан соғылатын мүсін 5 күннің ішінде дайын болады. Ал аквапарктегі негізгі құрылысқа ауа райы қолбайлау болып тұр. Сергей Леонтьев Серік Біләловке нысан күздің басында қонақтарына есігін   ашатындығын жеткізді. ҚР Конституциясы күніне орай облыс орталығында тағы бір саябақ ашылады. Үстіміздегі аптада оның құрылысы басталады деп жоспарлануда. Өткен сенбі күні әбден тозған солтүстік коллектор тағы сыр берді. Апат орнында болған  Серік Біләлов бірер күнде республикалық қазынадан ескі магистральды қалпына келтіруге қаражат бөлінетінін айтты. Ақша түсісімен құбырды толығымен жаңартатын бірнеше бригада дайын тұр. Өңір басшысы әзірленген сметалық құжатты қарап шығып, жаңа коллектор қыркүйектің соңына дейін дайын болсын деп тапсырды.

  Пестрое көлінің жағасындағы стеланың құрылысы да қыза түсіпті. “Солтүстіктің жұлдызы” стеласы жартылай орнатылған, айналасына кеспе тас төселіп, орындықтар қойылған. Ағаш көшеттері мен гүлдер отырғызылыпты. Сондай-ақ облыс әкіміне ашық аспан астында салынатын музейдің макеті көрсетілді.
Жоспарға сай нысан тамыздың 15-і қолданысқа берілмек.

Нұржан Әшімбетов, Петропавл қаласының әкімі:
– Тарихта, ойда қалсын деп тәуелсіздіктің тойы осы стелаларды қойып жатырмыз. Мен ойлаймын, оны бәрі де қолдайды. Одан басқа біз қалалық бюджетті қарадық, 160 млн. қаланы көркейтуге жолдарды жөндеуге, жарықтандыру мәселелеріне  қаражат бөлінді. Сондықтан биыл жасайтын жұмыс әлі көп.  

Өткен жылы қолданысқа берілген 12 саябақ биыл тағы 15 жаңа демалыс орындарымен толығатын болады. Өңір басшысы облыс орталығын көгалдандыру жұмыстарына оң баға беріп, ҚР тәуелсіздігінің 20 жылдығын гүлденген, таза, ортақ үйімізде қарсы алудың бар амалдарын жасау керектігін айтты.

Жеңіс Ермұқанов